Роботтан мобильді зертханаға дейін: павлодарлық құтқарушылар жаңарды
Жаңа техника қауіпті аймақтарда өрт сөндіріп, оқиға орнын жедел зерттеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Соңғы жылдары департаментке заманауи өрт сөндіру-құтқару автомобильдері, жедел әрекет ету машиналары, мотопомпалар, әуеден барлау құралдары және командалық-штабтық көлік берілген. Ерекше техникалардың бірі – павлодарлық құтқарушылар «Қалқан-7» ЖШС-мен бірлесіп жасаған робот-өрт сөндіруші.

– Шынжыр табанды роботтандырылған платформа мұнай өңдеу нысандарындағы және өрт сөндірушілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төнетін басқа да жерлердегі өртті сөндіруге арналған, – деді робот операторы Азамат Қанағатов. – Оны қашықтан басқару пульті арқылы басқарамыз. Камера жағдайды бақылап, құрылғының әрекетін қадағалауға мүмкіндік береді. Тығыз құрылыс жағдайында басқару қашықтығы 300 метрге дейін, ал ашық жерде бір шақырымға дейін жетеді.

Робот жарылыс қаупі бар, құрылымдар опырылуы мүмкін және температура шектен тыс жоғары аймақтарда жұмыс істей алады. Оның суға немесе көбікке арналған жеке резервуары жоқ. Сондықтан платформа өрт сөндіру автокөлігіне жең арқылы қосылады. Мамандардың айтуынша, құрылғы сегіз сағатқа дейін автономды жұмыс істей алады. Ол жеке құрамның кіруі аса қауіпті жерлерде өртті сөндіруге мүмкіндік береді.

Департаменттің тағы бір маңызды техникасы – Toyota Hilux автокөлігі негізінде жабдықталған жылжымалы өрт-техникалық зертхана. Оның жүк бөлігіне арнайы құралдарды орналастыруға және сарапшының жұмыс орнын ұйымдастыруға арналған металл конструкция орнатылған. Зертхана өрт ошағын және тұтану себептерін анықтауға, сондай-ақ материалдардың өрт қауіпті қасиеттерін зерттеуге арналған. Қажетті талдауларды оқиға орнында жүргізу зерттеу уақытын қысқартып, сараптаманың сапасын арттырады.

– Биыл зертхананың мүмкіндігі эндоскопиялық камерасы бар кешенмен толықтырылды. Ол жету қиын қуыстарды және жабдықтардың ішкі бөліктерін, мысалы, қозғалтқыш бөлімдері мен пештерді тексеруге мүмкіндік береді. Құрылғының жұмыс бөлігінің ұзындығы шамамен бес метр, – деді жылжымалы зертхананың бас маманы Ринат Аутанов.

Өрт ошағын анықтау үшін құйынды токтар әдісі де қолданылады. Жоғары температура әсерінен металл конструкциялардың бетінде қақ пен оксидті қабықша түзіледі. Олардың сипаттамаларын өлшеу арқылы мамандар қатты қызған учаскелерді анықтап, өрттің болжамды шыққан жерін нақтылайды. Құрылыс конструкцияларының зақымдану тереңдігі арнайы қондырғымен өлшенеді. Пирометр қалдық температураны және қызу деңгейі жоғары болған учаскелерді анықтауға көмектеседі. Қажетті өлшемдерді алу үшін электронды рулетка пайдаланылады.

Зертханада көмірсутектер мен басқа да заттарды анықтайтын газ талдағыштар да бар. Зерттелетін нысанға байланысты мамандар бензиннің, ацетонның және өзге қосылыстардың бар-жоғын тексереді. Индикаторлық түтіктің түсінің өзгеруі зерттелетін заттың бар екенін көрсетеді.
– Тексеру ұзақтығы оқиғаның ауқымына байланысты. Жеке үйдегі өрттен кейінгі зерттеу шамамен бір сағатқа созылуы мүмкін. Ал ірі ғимаратты тексеруге екі-үш сағат немесе одан да көп уақыт қажет, – деді Ринат Аутанов.
Жылжымалы зертхана Павлодардағы оқиғаларға ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріндегі ірі әрі резонансты өрттерге де шығады. Мамандар Астанадағы «Big Шанхай» сауда үйінде болған өртті зерттеуге де қатысқан. Онда жалын шамамен үш мың шаршы метр аумақты шарпыған еді.

Ірі өрт кезінде бөлімшелердің жұмысын үйлестіру үшін мобильді штабтық кешен пайдаланылады. Ол әсіресе көлікпен жету және байланыс орнату қиын аумақтарда қажет. Кешеннің көмегімен өрттің таралу сызбасы жасалып, жұмылдырылған күштер мен құралдардың орналасуы белгіленеді.


Құтқарушылардың жарағында үздіксіз электрмен жабдықтайтын генератор, жарықтандыру мұнарасы және ұшқышсыз ұшу аппараты да бар. Дрондар өрт ошағына көлікпен жету қиын орманды аумақтарда қолданылады.
Ұшқышсыз аппараттар Баянауыл секілді жету қиын жерлерде жоғалған адамдарды іздеуге де тартылады. Әуеден алынған мәліметтер адамның орналасқан жерін анықтап, құтқарушылардың әрі қарайғы әрекетін жоспарлауға мүмкіндік береді. Департаменттің материалдық-техникалық базасын жаңарту жалғасып жатыр. 2026 жылы жергілікті бюджет есебінен он өрт сөндіру автоцистернасы, иінді автокөтергіш және жанармай құю көлігі сатып алынды. Қазіргі уақытта жаңа техниканың жеткізілуі күтілуде.
2027–2028 жылдары тағы 13 өрт сөндіру автоцистернасын, автосатысы бар автоцистернаны, батпақты жерлерде жүретін арнайы көлік пен гидроцикл сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар бөлімшелерді тыныс алу аппараттарымен, авариялық-құтқару және байланыс құралдарымен, сондай-ақ дрондармен жабдықтау көзделген.
2026 жылдың тоғыз айында департамент бөлімшелері авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарға 4370 рет шыққан. Осы кезеңде 600 адам құтқарылып, 300 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Зардап шеккен 262 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Жаңа техникалық құралдар павлодарлық құтқарушыларға қауіпті аймақтарда тиімді жұмыс істеуге, өрттің шығу себептерін жылдам анықтауға және бөлімшелердің іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік береді.