Шахта маңындағы апат: Павлодар облысында екі адамның денесі табылды

Шахта маңындағы апат: Павлодар облысында екі адамның денесі табылды
Фото: Константин Шелков

Екі азаматтың денесін жердің бетіне шығару жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабының мәліметінше, авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда. 

– Өкінішке орай, ТЖД құтқарушыларының күшімен құмнан қаза тапқан екі адамның денесі табылды. Автобус табылмады, іздеу жұмыстары жалғасуда. Республикалық орталық штаб қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып, көңіл айтады. Бұл қайғылы оқиға – бәріміз үшін үлкен соққы және орны толмас қайғы, – деп жазылған хабарламада. 

Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабында қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті қолдау көрсетілетінін және зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын хабарлады.

Еске сала кетейік, 4 қаңтарда сағат 01-25 шамасында Баянауыл ауданында «Майқайыңзолото» АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кетті. Алдын ала  болжам бойынша, құлаған аумақтың ұзындығы – 150-200 м, ені – 500 м, тереңдігі –150 м.

Апат кезінде автобуста төрт адам болды: кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабы Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды.