Екібастұзда «БЕЛАЗ» өртеніп, жанармай көлігіне қауіп төнген жағдай пысықталды

Екібастұзда «БЕЛАЗ» өртеніп, жанармай көлігіне қауіп төнген жағдай пысықталды
Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

«Богатырь Көмір» разрезіндегі оқу-жаттығуға 35 адам мен 10 техника жұмылдырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, «Богатырь Көмір» разрезінде өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Оған өрт сөндіру-құтқару бөлімшелері мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты.

Оқу-жаттығу сценарийі бойынша жөндеу-механикалық бокста жөндеу жұмыстары кезінде карьерлік «БЕЛАЗ» автосамосвалы өртенген. Оттың ғимарат пен бокста тұрған басқа техникаға таралу қаупіне байланысты көлікті қауіпсіз жерге шығару туралы шешім қабылданды.

Құтқарушылар келгенге дейін кәсіпорын қызметкерлері жанып жатқан техниканы екінші «БЕЛАЗ»-дың көмегімен сүйреп шығаруға әрекет жасаған. Алайда сценарий бойынша жоғары температурадан бірінші самосвалдың пневматикалық шинасы тұтанып, жарылған.

Нәтижесінде екі самосвал отын құю машинасына жақын жерде тоқтап қалған. Оның сыйымдылығында 12 тонна дизель отыны болған.

– Құтқарушылардың негізгі міндеті – оттың отын құю машинасына таралуына жол бермеу, оның тұтануы мен ықтимал жарылу қаупін болдырмау, сондай-ақ кәсіпорын жұмысшыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды, – деп хабарлады ведомствода.

Оқу-жаттығу барысында өрт сөндірушілер ірі карьерлік техника жанған кездегі іс-қимыл алгоритмін, техниканы эвакуациялау және өрт сөндіргіш заттарды беру тәртібін пысықтады. Шартты өртті сөндіру кезінде көбік түзгіш қолданылды.

Жоғары температура жағдайында жұмыс істеуге арналған «Қалқан» өрт сөндіру роботы да жұмылдырылды. Құтқарушылар арнайы жылудан қорғайтын киіммен жұмыс істеді.

Сондай-ақ шартты зардап шеккендерді эвакуациялау, оларға алғашқы медициналық көмек көрсету және құтқару бөлімшелеріне тапсыру тәртібі пысықталды.

Оқу-жаттығуға ТЖД-дан алты техника мен 20 қызметкер, кәсіпорыннан төрт техника мен 15 адам қатысты.

Ведомство мұндай жаттығулар көмір өндіру кәсіпорындарында төтенше жағдай кезінде қызметкерлер мен құтқарушылардың бірлескен әрекетін пысықтауға және ауқымды өрттің алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.