Павлодар полицейлері жолда қалған жолаушыларды құтқарды
Өңірдің тәртіп сақшылары күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, тасжолдардағы қауіпсіздікті бақылауды қолға алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ауа райының күрт нашарлауына, температураның ауытқуына және жаңбыр түріндегі жауын-шашынға байланысты Ақмола және Қарағанды облыстарында республикалық маңызы бар автожолдарда барлық бағытта қозғалысқа шектеу енгізілді. Осыған орай, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірлік ПД патрульдік полиция ротасының қызметкерлері күшейтілген қызмет атқару режиміне ауыстырылды. Тәулік бойы жол жағдайын бақылап отырған полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушыларға көмек көрсетіп, автокөліктерді алып жүруді ұйымдастыруда.
– Екібастұз қаласында полицейлер жолда қалып қойған 43 азаматты, оның ішінде алты баланы қауіпсіз жерге жеткізуді қамтамасыз етті. «Қазақстан темір жолы» АҚ тарапынан қосымша вагон бөлініп, барлық азаматтар сол арқылы сапарын жалғастырды. Полицияның басты міндеті – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осыған байланысты өңір жолдарында қауіпсіздікті сақтау үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда, – делінген хабарламада.
Полиция қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауды, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, белгіленген жылдамдық режимі мен арақашықтықты ұстануды, сондай-ақ жолға шығарда метеожағдайды ескеруді қатаң ескертеді. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 және 102 нөмірлеріне хабарласу қажет.