Шағым көбейді: Павлодарда тасымалдаушымен келісімшарт бұзылды
Ертең, 17 қарашадан бастап №152 бағыты жаңаша № 52 бағыты болып өзгертіліп, «№1 автобус паркі» қызмет көрсететін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі Хасар Хабылбеков желіге сыйымдылығы жоғары бірінші санатты кем дегенде жеті автобус шығару, кейіннен 10-ға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын хабарлады.
– Қозғалыс аралығы бастапқыда 15-17 минутты құрайды. Алдағы уақытта қозғалыс кестесі түзетіледі. Бұған дейін өз аккаунтымда №152 бағыттағы автобустың қанағаттанарлықсыз жұмысы туралы азаматтар жиі шағымданатынын жазған болатынмын. Осыған байланысты ТҮКШ бөлімі шара қолданып, жауапсыз тасымалдаушымен келісімшарт бұзылды, – деп жазды Хасар Хабылбеков Іnstagram желісінде.
Жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі үшін автобустың қозғалыс бағытына өзгерістер енгізілді. Енді автобус Қамзин көшесімен жүргенде «Batyr Mall» сауда орталығына кірмейтін болады.
Сонымен қатар, автобустың қозғалыс бағыты Қайырбаев көшесінен Лермонтов көшесіне және Ак. Бектұров көшесінен Ак. Сәтбаев көшесіне ауыстырылады. Сондай-ақ Радиозавод шағын ауданына қарай жылжыған кезде қозғалыс №1 тас жолымен, METRO аялдамасына кірмей қатынайды.