Павлодар облысында ұшақты МАЗбен тасымалдаған тұрғын айыппұл арқалады
Ұшақты азамат аукционда жеке мақсаттар үшін сатып алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының мәліметінше, ведомство қызметкерлері ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен бірлесіп, қос мақсаттағы тауарды АН – 2Т әуе кемесін тасымалдау фактісін анықтады.
– Ресей Федерациясының Омбы облысымен шекарасы, «Амангелді» автомобиль өткізу пунктінде «МАЗ 54323» маркалы көлік құралын тексеру барысында бағалау құны – 1 800 000 ресей рубль, салмағы 3 тонна 600 кг болатын АН-2Т ұшағын тасымалдау фактісі анықталды. Шекарадан өту кезінде өзіндік ерекшелігі бар тауарларды сәйкестендіру туралы қорытынды болған жоқ. Яғни, өзіндік ерекшелігі бар тауар азаматтық мақсаттарда да, әскери мақсаттарда да қолдануға жатқызылуы мүмкін, – дейді экспорттық бақылау бөлімінің басшысы Мақсұт Қаңтарбаев.
Ұшақты қажетті рұқсат құжаттарсыз тасымалдаған азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық материалдары сотқа жіберілді.
Павлодар облысы Ертіс аудандық сотының қаулысымен азамат кінәлі деп танылып, 55 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.