Павлодар иммигранттарды қоныстандыру өңірлерінің қатарына кірді
Қазақстанда шетел азаматтарының тұрақты тұруға рұқсат алу тәртібі өзгерді. Жаңа талаптарға сәйкес, иммигранттарды қоныстандыру үшін белгіленген өңірлердің қатарында Павлодар облысы да бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 10 сәуірден бастап Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу үшін құжаттарды қабылдау тәртібіне өзгерістер енгізілді.
Қай өңірлерге қоныстануға болады?
Жаңа тәртіп бойынша иммигранттардың құжаттары оларды қоныстандыру үшін белгіленген өңірлерде қабылданады. Олардың қатарында Ақмола облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Қостанай облысы, Павлодар облысы, Абай облысы, Солтүстік Қазақстан облысы және Ұлытау облысы бар.
Алайда белгілі бір санаттағы шетел азаматтары үшін бұл талап қолданылмайды.
Оларға бұрынғы отандастар, Қазақстан заңнамасында танылатын некеде кемінде бір жыл тұрған және жұбайларының бірі Қазақстан азаматы болған жағдайда отбасын қайта қосу мақсатында келген адамдар, сондай-ақ қазақ тілін В2 деңгейінде меңгерген тұлғалар жатады.
Тұрақты тұруға рұқсат алу үшін скоринг енгізілді
Иммигранттарды критериалды бағалау жүйесі бойынша өту балы 600 балды құрайды.
Критериалды бағалаудан, яғни скорингтен, бірқатар санаттағы азаматтар босатылады. Олардың қатарында инвесторлар, сұранысқа ие мамандықтар бойынша келген адамдар, Қазақстанның экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын тұлғалар, әрекет қабілеті жоқ адамдар, ата-анасының бірі Қазақстанда тұрақты тұратын кәмелетке толмағандар, 60 жастан асқан бұрынғы отандастар мен отбасын біріктіру мақсатында, оның ішінде ата-анасына қосылу үшін келген 60 жастан асқан адамдар бар.
Бұл санаттағы азаматтарға қоныстану өңіріне, Қазақстанда бір жылдан кем уақыт тұруына, еңбек қызметіне, қазақ тілінен тест тапсыруға және критериалды бағалауға қатысты талаптар қолданылмайды.
Скоринг қалай жүргізіледі?
Иммигранттарды критериалды бағалау бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын тест тапсырылады. Тестілеу app.tescenter.kz интернет-ресурсы арқылы жүргізіледі.
Одан кейін өтініш беруші migration.enbek.kz платформасында сауалнама толтырып, скорингтен өтеді. Келесі кезеңде әңгімелесу ұйымдастырылады.
С-1 визасын қалай алуға болады?
С-1 санатындағы визаны алу үшін өтініш беруші алдымен тиісті порталда скоринг рәсімінен өтуі керек. Оның құрамына қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын тест, сауалнама толтыру және әңгімелесу кіреді.
Скорингтен сәтті өткеннен кейін өтініш беруші Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында әңгімелесуден өтеді. Әңгімелесу онлайн немесе офлайн форматта өткізілуі мүмкін.
Құжаттарды қарау және әңгімелесу нәтижесі бойынша басқарма тиісті хабарлама береді. Кейін құжаттар уәкілетті органдардың келісуіне жіберіледі.
Хабарламаны алғаннан кейін өтініш беруші уақытша болатын жері бойынша көші-қон қызметі басқармасына жүгініп, үш ай мерзімге С-1 санатындағы визаны рәсімдеуі қажет.
Осылайша, жаңа тәртіп бойынша Павлодар облысы шетелден келетін иммигранттарды қоныстандыруға арналған негізгі өңірлердің біріне айналды. Ал тұрақты тұруға рұқсат алуға ниетті азаматтар үшін құжаттарды рәсімдеу кезінде жаңа талаптарды ескеру маңызды.