Екібастұзда ХҚКО жаңғыртылды
Жаңа орталық қызмет алушылар үшін неғұрлым тиімді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, азаматтарды қабылдау бұрынғы мекенжай – М. Жүсіп көшесі 92/2 бойынша жүргізіледі.
Кеңсе заманауи жабдықтармен жабдықталған, мемлекеттік қызметтерді тез, ыңғайлы және тиімді алу үшін аймақтарға бөлінген. Жаңа ХҚКО-да ресепшн, құжаттарды беру, «жылдам» қызметтер көрсетуге арналған жылдамдық аймағы, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы, eOtinish арқылы өтініштерді қабылдау пункті және басқа аймақтар көзделген.
– Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін халыққа қызмет көрсету орталығын жаңғырту туралы шешім қабылданды, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» ҰАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Асылбек Сапарбек. – Бұл клиенттерге мемлекеттік қызметтерді кедергісіз алуға және қауіпсіздікті сезінуге мүмкіндік береді.
«Сары аймақ» ұзақ уақытты қажет етпейтін қызметтерге арналған. «Қызыл аймақта» клиенттер қажетті құжаттарды рәсімдей алады, ал «жасыл түсті аймақта» клиенттер дайын құжаттарды күтеді. Заңды тұлғаларды немесе жылжымайтын мүлікті тіркеу сияқты дәстүрлі қызметтерді қажет ететіндер аймағы «күлгін түске» ие. Әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақылар мен түрлі жәрдемақыларды рәсімдеу «қызғылт сары аймақта» орналасқан.
2024 жылдың басынан бастап Екібастұз қаласының ХҚКО-да 20 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Электрондық-цифрлық қолтаңба, жер кадастрын тіркеу жөніндегі қызметтер және азаматтық хал актілерін тіркеу жөніндегі қызметтер алу әлі де сұранысқа ие қызметтердің қатарында.
Айта кетейік, 2023 жылғы 23 маусымда кеншілер қаласында В және В1 санаттарына емтихан тапсыру бойынша теориялық кабинеті бар автоматтандырылған автодром ашылды. Мамандандырылған сектор көлік құралын қою (алу), дубликаттарды ауыстыру және беру, сондай-ақ жүргізуші куәлігін алу бойынша қызметтер көрсетуді жүзеге асырады.