Сорпа төгіліп, күйік шалды: Павлодарда балалардың күйік жарақаттары көбейіп жатыр

Сорпа төгіліп, күйік шалды: Павлодарда балалардың күйік жарақаттары көбейіп жатыр
Фото: Константин Шелков

Дәрігерлер мұндай жағдайды болдырмау үшін ата-аналарға сақ болуды ескертті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Өңірде балалар арасында күйік пен тұрмыстық жарақаттардың саны артып келеді. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай оқиғалардың басым бөлігі ата-аналардың немесе қамқоршылардың қараусыз қалдыруынан туындайды. Нәрестелер арасында жарақаттың үштен бірі күйікке тиесілі. Облыстық балалар ауруханасының нейрохирургі, травматолог Талғат Қасымбековтің айтуынша, сәбилердің терісі өте нәзік болғандықтан, күйік ауыр жағдайда өтеді.

– Жазда бір жасқа толмаған бала ыстық сорпадан қатты күйік алды. Қол-аяғы мен арқасы күйіп қалған. Дәрігерлер екі апта бойы оның өмірі үшін күресті. Қазір бала амбулаторлық емделуде, – деді ол.

Күйік алған жағдайда алғашқы көмек ретінде зақымданған жерді дереу салқын сумен жуу ұсынылады. Бұл - жанудың алдын алып, ауырсынуды азайтатын ең тиімді тәсілдердің бірі.

Сонымен қатар дәрігердің айтуынша, біз түскен өтініштерді талдаймыз. Бұл тек балалардың жарақатының көбеюіне ғана емес, ата-аналардың медициналық көмекке жиірек жүгінуіне де байланысты. Жарақат өте көп. Ата-аналар бұрынғыға қарағанда мұқият бола түсуде десе болады. 

Биыл жарақат алған балалардың саны былтырғыға қарағанда 100-ге көбейген. Пайыздық өсіммен есептесек, 12-15 пайызды құрап отыр. Дегенмен мамандар мұны қалыпты құбылыс деп санайды, себебі ол балалар санының артуымен тікелей байланысты. Соған қарамастан, қайталанған өтінімдер де көбейді.

– Мәселен, балаға көмек көрсетіліп, әрі қарай емханада ем қабылдауы тиіс. Бірақ мамандарға жазыла алмай, кешке жұмыстан кейін қайтадан бізге келеді. Әрине, біз қабылдаймыз, бірақ бұл қосымша салмақ түсіреді, – деді дәрігер.

Мамандар ата-аналарға қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді: балаларды ыстық пеш, тағам және үтіктен алыс ұстау, плита мен ас үй құралдарын қол жетпейтін жерге қою, балаларды ашық оттан, от жағудан, фейерверк пен петардадан алшақ ұстау, жанғыш сұйықтықтар мен сіріңке, оттық секілді заттарды жасырын сақтау.