«Таза Қазақстан»: Павлодарда қоқысты заңсыз төккендер анықталды
Олардың әрекеті бейнебақылауға түсіп қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінде «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында Павлодар қаласында қоршаған ортаны ластауға қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу бағытындағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Профилактикалық іс-шаралар барысында қоқысты белгіленбеген орындарға төгудің екі дерегі тіркелді.
Бірінші жағдай аумаққа жүргізілген мониторинг кезінде анықталды. Тексеру барысында қалдықтарды жинауға немесе көмуге арналмаған жерге қоқыс төгілгені белгілі болды.
Екінші құқық бұзушылық жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы анықталды. Бейнежазбада жүк көлігінің жүргізушісі қалдықтарды арнайы белгіленбеген жерге түсіріп, экологиялық талаптарды бұзғаны байқалған.
– Жиналған материалдар қарау және құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдау үшін Павлодар облысының экология департаментіне жолданды, – деді департаменттің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мақсат Сарин.
Тәртіп сақшылары қоқысты белгіленбеген орындарға тастау қоршаған ортаға зиян келтіріп, аумақтардың ластануына және елді мекендердің санитариялық жағдайының нашарлауына әкелетінін ескертеді.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында Павлодар қаласында экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесуге бағытталған профилактикалық рейдтер мен іс-шаралар жалғасады.