Павлодарлық судья: «Пандемиядан кейін жеке тұлғаларға қарсы қылмыстар көбейді»
Бірақ заңнама бойынша сот жазаларды жеңілдетуге тырысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2024 жылдың 12 ай ішінде облыс соттарына 1440 қылмыстық іс, 8395 материал келіп түскен. Бұл туралы Павлодар облыстық сотының судьясы Инна Каркада хабарлады. Ол адамдардың жеке басына қатысты қылмыстар көбейгенін атап өтті.
– Менің байқауымша, жеке меншікке қарсы қылмыстар, ұрлық, алаяқтық, тонау, бопсалау сияқты қылмыстар көп. Әсіресе, пандемиядан кейін жеке адамға қатысты қылмыстар көбейіп кетті. Бұл әлеуметтік шиеленістерге байланысты болуы мүмкін. Дәл осы себепті тұрмыстық кикілжіңге қатысты қылмыстардың статистикасы көбейді, – дейді Инна Каркада.
Сондай-ақ, жыныстық қол сұғылмаушылық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты көптеген бұзушылық тіркелуде. Сондықтан қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаларға бірқатар өзгеріс енгізілді. Биыл Қылмыстық кодексте денеге қасақана жеңіл зиян келтіру және соққы іздері қылмыстандырылды. Бірақ оған қарамастан, шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініштердің жартысынан көбі қанағаттандырылған. Келіп түскен 574 материалдың 341-і мақұлданды.
– Қазіргі уақытта шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініштердің жиірек мақұлдану үрдісі бар. Өйткені бірнеше жылдан бері жүрген заңнама бойынша жазаларды жұмсарту керекпіз, – деп түсіндірді судья.
Сонымен қатар, жазалау тәжірибесі баламалы жаза түрлерімен ауыстырылуда. Соңғы бір жылда адамдардың жартысынан көбі сотталып, бас бостандығын шектеумен жазасы тағайындалса, қалғандарын қоғамдық жұмыстарғатартылып, айыппұл салынды. Өндірілген айыппұлдың жалпы сомасы 70 миллион теңгені құрады.