Бұл да - өнер. Павлодарда болашақ аспаздар қайда шыңдалады?
Колледж өз тарихында мыңдаған маманның болашағына жол ашты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қызмет көрсету және тамақтану колледжі үшін Халықаралық аспаздар күні – ерекше мереке. Мұнда дәмханалар мен мейрамханаларда еңбек етіп, қонақтарға дәмді тағам ұсынып, ас әзірлеуді өнерге айналдыратын мамандар даярланады. 55 жыл ішінде оқу орны жеті мыңға жуық аспаз, кондитер және сатушыны оқытып шығарған. 2014 жылдан бастап мейрамхана ісі мен бармен-бариста мамандықтары бойынша да білім бере бастады. Ал соңғы жеті жылда мамандықтар қатарына қонақүй бизнесін басқару бағыты қосылды.

Колледж директоры Гүлмира Шұғабаеваның айтуынша, түлектер еңбек нарығында сұранысқа ие. Ірі кәсіпорындар оларды оқуын аяқтамай тұрып-ақ жұмысқа қабылдауға дайын.
– Түлектеріміздің барлығы жұмысқа орналасады, оларға сұраныс жоғары. 2019 жылдан бастап студенттерге Түркияның үздік люкс қонақүйлерінде ақылы халықаралық тәжірибеден өту мүмкіндігін алғашқылардың бірі болып ұйымдастырдық. Бұл оларға шетелде тәжірибе жинауға, қызмет көрсетудің жаңа стандарттарымен танысуға және кәсіби шеберлігін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Гүлмира Шұғабаева.
Колледж студенттері халықаралық және республикалық байқауларда да табысты өнер көрсетіп жүр. Олар «Атау фест», «Дела рук» және «Тайқазан» жарыстарында жүлделі орындарға ие болған. Сондай-ақ «Қазақстанның үздік 100 студенті» байқауында 2025 жылы Санжар Зейнолла, ал 2026 жылы Эдуард Керкеснер үздіктер қатарына енді.

2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы колледж үшін айрықша табысты болды. Президентпен кездесуге Павлодар облысынан іріктелген екі студент те осы оқу орнында білім алған. Артур Лейман Францияда өткен WorldSkills әлем чемпионатында «Ұлттың үздігі» медаліне ие болса, Аружан Кенжебаева республикалық чемпионатта күміс медаль жеңіп алды.

Колледждің тағы бір мықты бағыты – мейрамхана сервисі. Өндірістік оқыту шебері, техника ғылымдарының магистрі Альмира Садриденованың жетекшілігімен студенттер осы құзыреттілік бойынша ұлттық WorldSkills чемпионатында төрт жыл қатарынан алтын медаль иеленген. Аспаздық және кондитерлік бағыттарда да студенттер күміс және қола жүлделерге қол жеткізіп жүр. Оларды Акмарал Қалқамбекова мен Ирина Пицина дайындайды.

Студенттердің кәсіби шеберлігін шыңдауда тәжірибенің орны ерекше. Колледж өңірдегі 56 кафе, мейрамхана, асхана және кондитерлік кәсіпорынмен ынтымақтастық орнатқан. Студенттер қоғамдық тамақтану орындарында, өндірістік асүйлерде және қонақүйлерде тәжірибеден өтеді. Серіктестер қатарында Қазақстанның ірі кәсіпорындары мен жетекші мейрамханалары, сондай-ақ Түркиядағы 12 люкс қонақүй бар.
– Тәжірибе студенттерге кәсіби асүйде, мейрамханада немесе қонақүйде жұмыс қалай ұйымдастырылатынын түсінуге көмектеседі. Олар жұмыс берушілердің талаптарымен танысып, командамен жұмыс істеуді үйренеді. Бұл дағдылар оқу бітіргеннен кейін де қажетіне жарайды, – дейді Гүлмира Шұғабаева.
Колледж өз жобаларын да дамытып келеді. 2014 жылы мұнда студенттер кәсіби дағдыларын іс жүзінде шыңдай алатын кафе ашылды. Сол жылы Германиямен ынтымақтастық басталды. Содан бері аспаздық, кондитерлік, мейрамхана және қонақүй ісі саласындағы мамандар колледжге келіп, тәжірибе алмасып жүр.
Оқу орнының бастамасымен облыстық телеарнада «Дәм сиқыры» және «Этноасхана» бағдарламалары да көрсетілген. Олар көрермендерді аспаздық өнермен және ұлттық тағамдардың ерекшеліктерімен таныстырды. Колледж басшысының айтуынша, бұл оқу орны базасында жасалған еліміздегі осындай жалғыз телевизиялық жоба болған.
Биыл колледжде Құзыреттілік орталығы ашылды. Ол жергілікті бюджет қаражатын үнемдеу және оқу орнының коммерциялық қызметінен түскен қаржы есебінен құрылды. Орталық студенттердің тәжірибелік дайындығын күшейтіп, кәсіби шеберлігін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Алдағы оқу жылында колледж «Туризм» бағыты бойынша маман даярлауға лицензия алып, қолданбалы бакалавриат бағдарламаларын ашуды және жоғары колледж мәртебесіне қол жеткізуді жоспарлап отыр. Қазір студенттер Астанада өтетін республикалық WorldSkills чемпионатына дайындалып жатыр. Оқу орнынан үш үздік қатысушы бақ сынамақ.
Халықаралық аспаздар күні әр тағамның артында білім, тәжірибе мен шеберлік тұрғанын еске салады. Ал көптеген жас маманның кәсіби жолы дәл осы колледжден басталады. Колледж қабырғасында жастар мамандықты меңгеріп қана қоймай, өмірлік ісіне айналдыруды үйренеді.