Тереңкөл ауданында төрт ауылдың кірме жолдары қалпына келтірілді
Жеті елдімекенде 20 көше жөнделді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Тереңкөл ауданының әкімі Азамат Маңғұтовтың айтуынша, биыл жалпы сомасы 215 миллион теңгеге төрт елдімекенге 3 шақырым 518 метр кірме жол жөнделді. Осьмерыжск, Қарасуық, Юбилейное, Алтай ауылдарының кіреберіс, яғни аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жүргізілді.
– Бонустық трансферт есебінен жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрайтын жеті елдімекенге орташа жөндеу жүргізу үшін ақшалай қаражат бөлінді. Барлық жұмыстар аяқталды, – деді аудан әкімі.
Оның сөзінше, алдағы қыс мезгілінде облыстық маңызы бар жолдардың үш учаскесі – Тереңкөл-Михайловка автожолы, Қоржынкөл және Аққайын ауылдарының маңында қар ұстайтын қоршаулар орнатылды. «Венера» ЖК мердігері аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстаумен айналысады.
Ал кентішілік жолдардың өтуін қамтамасыз ету үшін ауылдық округтердің әкімдері елдімекендердің жол мен көшелерін күтіп ұстау бойынша мердігерлермен жалпы сомасы 23 миллион теңгеге шарт жасасты. Отыз техника жұмылдырылатын болады. Сондай-ақ, су тасқыны кезеңінің тәуекелдерін азайту мақсатында су өткізу құбырларын жабу бойынша жұмыстар жүргізілді.