Железин ауданында Ертіс жағалауын нығайтпақшы
Құрылыс жұмыстары жоба сараптамадан өткеннен кейін басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Железин ауданының Башмачное ауылына барды.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаевтың айтуынша, жыл сайын жағалау опырылуда. Қазіргі таңда топырақтың опырылуы тұрғын үйлерге және инженерлік құрылымдарға жақындады.
– Былтырғы жылы ғана жағалау сызығына дейінгі қашықтық 12 метрді құраған болатын. Бүгінгі күні ол қашықтық сегіз метрге дейін қысқарды. Осыған байланысты аудан әкімінің сайлауалды бағдарламалары аясында топырақты қайта өңдеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу туралы меморандум жасалды. Бүгінгі күні жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Алдағы қараша айында сараптамадан шығуын күтудеміз, – деп атап өтті Сағын Төлеутаев.
Жоба бойынша жағалауды нығайтатын тірек-қорғаныс құрылымының ұзындығы 500 метрді қамтиды. Оны габионнан жасамақшы. Тірек қабырғасы құлама сатылы төсеніш түрінде жасалмақ. Оның төменгі жағы төрт метр, жоғарғы жағының жуандығы бір метрді құрайды.
– Тірек қабырғасының астына геотекстильді мембрана құйылады. Бұл жауын-шашын немесе көктемгі су тасқыны кезінде құрылымның берік тұруына ықпал етеді. Кейін бұл жұмыстың бәрі аяқталғаннан кейін екі метрлік қоршау салуды жоспарлап отырмыз. Бұл ауыл халқы мен малдың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – деп қосты басқарма басшысы.
Сағын Төлеутаев жоба сараптамадан өткеннен кейін құрылыс жұмыстары басталатынын айта кетті. Жобаға қажетті қаражат 550 миллион теңгені құрайды. Жұмыстар үш айды қамтиды.
– Бұл өте маңызды жоба. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұл жобаға толықтай қолдау көрсетуіміз керек, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Ауылдық округ әкімі Меруерт Мадагулованың айтуынша, Башмачное ауылында 706 адам тұрады. Топырақтың опырылуы жылдан жылға халықты алаңдататын мәселелердің қатарына енеді.