Баянауылда екі ауылдың арасына алғаш рет асфальт төселеді
Аудандық маңызы бар Теңдік-Ұзынбұлақ бағытындағы жол бұрын ешқашан асфальт көрмеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев салынып жатқан нысандарды тексерді. Бүгінде аталған учаскеде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– 11 шақырым жолдың 9,7 шақырымына қолданыстағы жабындының негізін қалпына келтіру бойынша жұмыстар атқарылды. Қалған 1,3 шақырым жолға жөндеу жоспарлы түрде жасалады. Осы аптаның соңында аталмыш жолға асфальт төсеу басталады, – деп жазды аудан әкімі әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.
Сондай-ақ, Қаражар ауылында мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары және мектептің құрылысы жүргізілуде.
– Мәдениет үйінің төбе жабындысы жасалып, шатырын жабу жұмыстары аяқталып жатқан. Алайда жобадағы қателіктерге байланысты қайтадан бұзылып, кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар атқарылуда, – деді Ардақ Кісентаев.
Жұмыстар қыркүйектің соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Жөндеу жұмыстарына дейін екі үйірме: спорттық үстел ойындары және қолөнер жұмыс істеді. Бұл үйірмелерге 19 адам қатысады.
Ал, жүз орындық екі қабатты мектептің салынуы қарқынды жүріп жатыр.
– Бүгінгі күні шатыры жабылып, кесте бойынша жұмыстар жалғасуда. Жұмысты жеделдету үшін қосымша екі бригада іске кірісті. Олар ішкі қабырғаларын тегістеуді бастап кетті. Одан бөлек, мектеп алаңын абаттандыру және еден құю бойынша жұмыстар істелуде, – деп атап өтті аудан әкімі.
Айта кетейік, Қаражарда 1958 жылы бой көтерген ескі оқу орны апатты жағдайда және заманауи талаптарға сай келмейді. Оның орнына ауылда спорт залы, шағын орталық, асханасы және санитарлық тораптары бар кең екі қабатты ғимарат салынып жатыр. Жаңа мектепте 74 оқушы білім алады. Облыс әкімі Асайын Байханов Баянауыл ауданына жұмыс сапарымен барған кезде мердігерлер бұл мектепті қыркүйек айына дейін тапсырып үлгеруі тиіс екенін ескерткен.
Посмотреть эту публикацию в Instagram