Май ауданына қарасты Қаратерек ауылында мектеп жөнделіп, спорт кешені салынуда

Ауылда әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстар қарқын алды, деп хабарлайды @Pavldarnews.kz тілшісі.
Ауылдағы мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Шатыр мен терезе жақтаулары толық ауыстырылып, ішкі қабырғалар сырланып жатыр. Есіктер мен еден жабындары жаңартылуда. Үш түрлі еден жабындысы қарастырылған: линолеум, керамогранит және арнайы кабинетке арналған стяжка. Сонымен қатар мектептің сырты термопанельмен қапталуда.
– Жөндеу жұмыстарының 80 пайызға жуығы аяқталды. Мердігер ұйым 15 тамызға дейін толық бітіреміз деп уәде беруде, – деді білім бөлімінің басшысы Руслан Еңсебаев.
Сонымен қатар, мектеп пен балабақша бөлек ғимараттарда орналасқандықтан, әрқайсысына жеке электр қазандығы орнатылған. Болашақта көмірмен жылытылатын орталық қазандық орнатып, бірнеше мекемені бір жүйеге қосу жоспарланып отыр. Бұл қадам жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.
– Жылу жүйесін орталықтандыру – ауыл үшін тиімді шешім. Бұл әрі үнемді, әрі қосымша жұмыс орындарын ашады, –деді Қаратерек ауылдық округінің әкімі Ардақ Сағындықұлы.
Қазіргі уақытта шатыр жабылып, спортзал терезелері орнатылып, едені төселді. Сонымен қатар, футбол алаңын қаптау, канализация жүргізу және кіреберісті қаптау жұмыстары жалғасуда.
– Жаңадан салынып жатқан спорт кешені заманауи талаптарға сай. Мұнда балаларға арналған түрлі спорттық жабдықтар, жаттығу алаңдары болады. Бұл ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды, – деп ауыл тұрғындары қуаныштарын білдірді.
Алайда тұрғындар бұрынғы полигонға салынған екі қабатты бос тұрған аурухана ғимаратының мәселесін де көтерді. Олар бұл нысанды кәдеге жаратып, халық игілігіне беру қажеттігін айтты. Ауылдағы денсаулық нысандарының тозығы жеткенін, жаңа медициналық пункттің қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар, ауылдағы ескі мәдениет үйінің мәселесі де өзекті. Екі ауылға ортақ бұл нысан 1965 жылы салынған. Жергілікті халық оны жаңғыртуға облыс әкімдігінен көмек сұрауда.
– Ауылымыз кішкентай болғанымен, халқы белсенді. Мәдениет үйі мен спорт залы жастар үшін керек. Бізге тек жағдай жасалса болғаны, – дейді ауыл тұрғындары.
Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілмек. Облыс әкімдігі әр аудандағы мәдениет, білім, денсаулық нысандарына жыл сайын қаржы бөліп, әділетті бөлініс жасауға уәде берді.