Әркімге жеке бөлме: Павлодарда қарттар үйі оңтайландырылады

Әркімге жеке бөлме: Павлодарда қарттар үйі оңтайландырылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ғимарат жарты ғасырдай жөндеу көрмеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысына өңірлерді аралау аясында жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісі RESPUBLICA партиясы фракциясының депутаты Динара Наумова келді. Ол облыстық қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған жалпы үлгідегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, әлеуметтік қолдау деңгейімен танысты. Орталықта 273 адам тұрады, оның ішінде 94-і – мүгедектігі бар жандар.

– Қарттар үйінде тұратын қариялармен әңгімелескеннен кейін оларға көрсетілетін қызметтерге шағым жоқ екенін айта аламын. Менің ойымша, орталық күрделі жөндеу және оңтайландырудан өткеннен кейін қызметкерлердің жұмысына жаңа серпін беріледі, – деді  Динара Наумова.

1974 жылы қаланған ғимартта күні бүгінге дейін жөндеу болмаған. Келесі жылы орталықта екі миллиард теңгеге ауқымды жөндеу күтіледі. Қаражат облыстық бюджеттен қарастырылады. 

– Біз ғимараттың қасбетін, шатырын ауыстырып, жеделсаты орнатамыз, толықтай күрделі жөндеу жасаймыз. Осында тұратын қарттар мен мүгедектігі бар адамдарды бөлек бөлмелерге орналастыру деген қажеттілік бар. Яғни, 150 бөлмеден 120 бөлмеге дейін оңтайландырылады. Әркімнің өз бөлмесі, жері болатындай етіп жағдай жасаймыз, – деп атап өтті орталықтың директоры Марина Стрелковская. 


Жөндеуден кейін қарттар үйінде оңалту бөлмелері, паллиативтік бөлімше функционалдық кереуеттермен адамдарды оңалтуға және реанимациялауға бағытталған мамандандырылған жабдықтармен жабдықталады. 

– Бізде физиотерапевт, невропатолог, хирург, дерматолог сияқты дәрігерлер алғашқы көмек көрсетеді. Ал негізі медициналық көмек көрсету бойынша №4 емханамен шарт жасалған, – деді Марина Стрелковская.


Ғимарат жөндеу уақытында адамдар жалдамалы жерге, не болмаса Ақсудағы орталыққа жіберіледі.


Динара Наумова оңтайландыруды қолдап, барлық тілектер мен кемшіліктерді тыңдап шықты. 

– Оның нәтижесінде егде жастағы азаматтар мен мүгедектігі бар адамдар бөлек бөлмелерге орналастырылып, медициналық әлеуметтік қолдауды сапалы түрде алатын болады. Бұл өте маңызды сұрақ, оны мәжіліс деңгейінде көтеру керек, – деді депутат. 

Динара Наумова қарттар үйі жөнделгеннен кейін Павлодарға тағы бір мәрте келіп, жұмыстарды бақылайтынын айтты.