Успен ауданы аграрлық дамудың тұрақты моделін қалыптастыруда

Успен ауданы аграрлық дамудың тұрақты моделін қалыптастыруда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер алдағы жылдарға арналған инвестициялық жобаларын жоспарлап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудан аграршыларының болашақ жоспарларымен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов танысты.

Анықталғандай, Галицкое ауылында құны 1,4 миллиард теңге болатын көкөніс сақтау қоймасының құрылысы жоспарланған. Оның жылдық қуаттылығы 7,5 мың тонна көкөністі құрайды. Жоба аясында он жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар 452 гектар аумақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеру жұмыстары жалғасуда. Жалпы инвестиция көлемі 2,2 миллиард теңгені құрайды. Негізгі басымдық – жылына 18 мың тоннаға дейін жүгері өндіру көлемін арттыру.

Облыс әкімі «Галицкое» ЖШС иесі Александр Косицыннан жүгерінің қайда бағытталатынын сұрады.

– Бір бөлігі мал азығына жұмсалады. Көктемде ет бағытындағы ірі қара мал басы 1200 басқа дейін көбейтілді, – деп түсіндірді кәсіпкер.

Ковалевка ауылында 2026 жылы 500 басқа арналған сүт-тауар фермасын салу жоспарланған. Жобалық қуаттылығы – жылына 3,5 мың тонна сүт. Мұнда да 10 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Сонымен қатар Қызылағаш ауылында «AgroPVL» компаниясы күнбағыс тұқымын өндіру жобасын қарастыруда. Маркетингтік зерттеулер нәтижесінде бұл өнімге тұрақты сұраныс бар екені анықталған.

Облыс әкімі кәсіпкерлерге жобаларды жүзеге асыру барысында егістікті ылғалмен қамтамасыз етумен қатар, өнім сапасын арттыру үшін минералды тыңайтқыштарды қолдануға да ерекше көңіл бөлу қажеттігін ескертті. Дән толыққанды әрі сапалы болуы тиіс.

Жобалар несиелік қаражаттарды тарту және мемлекеттік қолдау бағдарламаларын пайдалану арқылы жүзеге асырылуда. Кепілдік қамтамасыз етудің түрлі тетіктері, соның ішінде коммерциялық жылжымайтын мүлік қарастырылуда. Жаңа жұмыс орындары құрылып жатыр. Тартылған және жоспарланған инвестициялар көлемі миллиардтаған теңгемен есептеледі.

Осылайша, Успен ауданы мал шаруашылығын жаңғырту, суармалы жерлерді кеңейту, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымын дамыту арқылы аграрлық саланың тұрақты даму моделін қалыптастырып, аудан экономикасын нығайтуға бағыт алып отыр.