Асайын Байханов халықаралық инвесторлармен суару жабдықтарын өндіру жобасын талқылады
Биыл өңірде арнайы технологиялар арқылы суармалы жерлердің көлемін ұлғайту жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін өңір басшысы ирригациялық жабдықтар шығаратын қытайлық «VODAR» компаниясының басшылығымен кездесу өткізді.
Кездесуде инвесторлар су шығынын азайтып, біркелкі жаңбырлатып суаруды және аумақты қамту коэффициентін 99,9%-ға дейін қамтамасыз ете отырып, өнімділікті арттыратын озық халықаралық суару технологияларын таныстырды.
– Біз сіздердің аймақтарыңызда суару жабдықтарын өндіру жобасын іске асыруды көздеп отырмыз, – деді «VODAR» компаниясының басшысы Джоу Фуанго.
Тараптар осындай өзекті инвестициялық жобаны іске асыруды егжей-тегжейлі талқылады. Өңір басшысы облыстың ауыл шаруашылығы өндірушілерінің суды үнемдейтін технологияларды қолдана отырып, суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға мүдделі екенін атап өтті.
– Өңірдегі суармалы жерлердің көлемі 170 мың гектарға жуық. Биыл оны 175 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, ал, нақты суаруды 94 мың гектарға дейін. Әрине, бізге сапалы суару жүйелері қажет екені сөзсіз, сондықтан, сіздердің жобаларыңызды біздің өңірде іске асыруды қолдауға дайынбыз, – деді Асайын Байханов.
Айта кету керек, Тяньцзиньдік «VODAR» компаниясы суару және суды үнемдеу индустриясында әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады. «VODAR» суару жүйелері әлемнің 26 еліне экспортталады.
Фотосуреттерді түсірген Валерий Бугаев