Асайын Байханов: «Майкөбе ұжымы инвестицияның жартысын ғана құйғаны рас»

Асайын Байханов: «Майкөбе ұжымы инвестицияның жартысын ғана құйғаны рас»
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сол себептен өңір басшысы ұйым өкілдерімен жиын өткізетін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында журналистердің бірі «Майкөбен-Вест» АҚ-на қатысты сұрақ қойды. Баянауыл ауданы тұрғындарының атынан мекеменің бюджеті мен инвестициясын басшылықтың өз мақсаттарына жұмсауы және халыққа көмек көрсетуден бас тарту мәселесін көтерді.

Әкім аталған ұйымға қатысты мәселе жеткілікті екенін жасырмады.

– Біз «Майкөбен-Вест» АҚ құрылтайшыларына нақты сұрақтарды қойдық. Олармен жақын арада кездесу болады. Сол кездесуден кейін нақты бір шешімге келетін боламыз.  Майкөбе ұжымының инфракұрылымына, техникасын жаңартуына, көмірдің көлемін ұлғайтуына инвестиция толықтай көлемде құйылмағаны рас. Мысалы, керекті көлемі 15-20 миллиард теңге болатын болса, олар осы ақшаның тең жартысын ғана құйып отырады, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Оның сөзінше, өндірістің өспеуі – соған дәлел.

Ал халыққа көмекке келетін болсақ, жыл сайын көмір сататын ұжымдар мен облыс әкімшілігі меморандумға қол қояды. «Майкөбе-Вест» АҚ Баянауыл ауданындағы әлеуметтік осал топтарға 500 тонна көмірді тегін беруге келісім берген.