Успен мектебі мен НЗМ ауылдық пен қалалық білім берудің арасын жақындатты
Игілікті ынтымақтастық биыл ауыл оқушылары мен беделді білім ошағын байланыстыра түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің директоры Әсел Құлатаева айтып берді. Қазіргі таңда 350-ден астам бала білім алатын, тағы 26 бала даярлық тобына баратын мектепті биылғы оқу жылында Павлодар қаласындағы НЗМ сүйемелдеп келеді.
– Біз мектептер арасындағы өзара ынтымақтастық жоспарын құрып, оны жүзеге асыруды бастадық, – деді Әсел Құлатаева. – Жобаның басты мақсаты – білім сапасын арттыру үшін қажетті жаңа білім мен дағдыларды игеру, сондай-ақ тәжірибе алмасу.
Ауыл мұғалімдері қалалық мектепке барып, тағылымдамадан өтті, практикалық семинарларға қатысқан.

НЗМ мұғалімдері де Успен аулыныа барып, әріптестерімен тәжірибе алмасты. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің мұғалімдері өздерінің қызықты әдістемелерін таныстырып, күнделікті тәжірибеде қолданатын тәсілдерді көрсетті. Қалалық мұғалімдер математика, физика, химия, биология, география, қазақ, орыс, ағылшын тілдері бойынша семинарлар өткізіп, аудан мектептерінің кітапханашыларына да жеке семинар ұйымдастырды.
2015 жылы осы мектеп базасында ресурс орталығы құрылды. Оның мақсаты – оқушыларды қорытынды аттестация мен ҰБТ-ға сапалы дайындау.
– Ең бастысы – әрбір оқушының заманауи әрі сапалы білім алуына жағдай жасау. Бұл оның әлеуметтік бейімделуіне, кәсіби бағдарлануына, өзін-өзі дамытуына және өмір бойы өз мүмкіндігін жүзеге асыруына көмектеседі, – дейді мектеп директоры.
Өткен жылы Успен мектебі аудан бойынша құзыреттер орталығына айналып, мұғалімдер арасында тәжірибе тарататын жыл сайынғы іс-шараларды өткізу алаңына айналды. Жуырда өткен аудандық семинарға барлық мектептен 48 педагог қатысты.
– Кері байланыс жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және мұғалімдер арасындағы тәжірибе алмасудың өте тиімді болғанын көрсетті, – деді Әсел Құлатаева. – Жоба аясында сыннан өткен тәжірибелер мен әдістер мемлекеттік деңгейде таратуға үлгі бола алады.
Педагогтың айтуынша, білім сапасын тұрақты түрде арттыру – елдің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуы үшін қажетті шарт.

Айта кетейік, мектеп ғимараты 1964 жылы пайдалануға берілген типтік жоба. 2017 жылы мұнда терезелер ауыстырылып, шатырдың бір бөлігі жөнделген. Ал биылғы жылы өзгерістер жалғасты. Бес айлық күрделі жөндеу барысында жалпы құрылыс және ішкі инженерлік жұмыстар атқарылып, су және кәріз жүйесі, электрмен жабдықтау мен жарықтандыру, жылыту және желдету жүйелері ретке келтірілді, автоматты өрт дабылы жаңартылды.
Әсел Құлатаеваның айтуынша, «Қазақстан халқына» қоры мен білім беруді тұрақты дамыту қоры, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан тірек ауыл мектептерін жабдықтау және жаңғырту бағдарламасы аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің материалдық-техникалық базасы толық жаңартылды. Барлық оқу кабинеттері жаңа жиһазбен, интербелсенді құралдармен, компьютер және кеңселік техникамен қамтамасыз етілді. Бұл өзгерістер мектепалды даярлық сыныбы мен бастауыш сынып кабинеттерін де қамтыды. Сонымен бірге химия, физика және биология кабинеттері де жаңартылды.
Оқушылар үшін «ART-студия», «STEM-кабинет», «Робототехника зертханасы», «Телестудия» және «Музыка класы» сияқты жаңа кабинеттер жұмысын бастады.
Педагогтардың пікірінше, заманауи жабдықтың арқасында жаратылыстану пәндеріндегі сабақтар оқушылар үшін бұрынғыдан да қызықты әрі интерактивті бола түспек.