Павлодарда №1 мектеп қазақ мектебі статусын алғалы алғашқы түлектерін шығарды
Қазіргі таңда білім ордасы Малайсары батыр атында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Малайсары батыр көшесі, 3 мекенжайында орналасқан мектеп 1965 жылы ашылған.
– Алғашқыда Астана көшесіндегі ғимаратта болып, қазіргі мекенжайдағы ғимаратқа 1973 жылы көшкен. Бастапқыда бұл мектепте орыс тілінде білім берілетін. 2012 жылы аралас мектеп болып, 2022 жылы қазақ мектебі атанды, – деді білім ордасының директоры Азамат Сыздықов.
2022 жылы мектепке Малайсары батырдың есімі берілген. Осы оқу жылында 485 бала білім алды. Биыл 16 бала түлек атанып отыр.
– Орыс сыныптары жабылған кезде 400 бала қалған. Одан кейін бірден 500-ге жуықтады. Балалар саны өсіп келеді. Әлі де балалар қабылдаймыз. Өйткені мектеп 960 орынға арналған. Өткен оқу жылында үш 1-сынып ашылған. Енді күзде алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндерге 4-5-сынып ашу жоспарланған, – деді Азамат Сыздықов.
Аталған мектептің оқушылары білім сапасы бойынша да үздіктер қатарына еніп жүр. Биыл 75 бала оқуын үзік бағамен аяқтаған.
Ал, осы мектептің оқушысы Фариза Назар «Жыл оқушысы» жобасы бойынша облыста 1-орын алып, республикалық кезеңге қатысқан. Одан бөлек, мектеп оқушылары қалалық, облыстық олимпиадаларда жүлдегер атанып жүр.
Қазіргі уақытта мектепте 44 ұстаз, барлығы 67 адам еңбек етуде.