Павлодарлық магистрант еуропалық стандарт бойынша білім алуда

Мұндай мүмкіндікке қос дипломдық білім беру бағдарламасы аясында қол жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2023 жылы Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті мен Түркияның Токат Газиосманпаша мемлекеттік университетінің ректорлары «Тарих» және «Шетел тілі» мамандықтары бойынша қос дипломдық бағдарламаны жүзеге асыру туралы келісімдерге қол қойған. Бұл бағдарлама заманға сай педагог кадрларын даярлауда Қазақстан мен Түркия үшін де маңызды болып саналады.
Қос диплом бойынша шетелге жолдама алғандардың бірі – «Тарих» білім беру бағдарламасының магистранты Кадир Дәуірбек. Ол қазір Түркияның Токат Газиосманпаша университетінде білім алуда. Түркияға ағымдағы жылдың ақпан айында аттанған. Ол жақта екі семестр білім алып, 2026 жылдың қаңтар айында елге оралады.
– Көптеген магистранттардың арасынан шетелде білім алу бақыты маған бұйырды, өте қуаныштымын және осы мүмкіндіктің нәтижесін еліміздің жоғары білім беру саласына жұмсауға бар күшімді саламын. Мені қабылдаған Токат университеті еуропалық стандартқа сай білім береді. Білім алушыны күндіз-түні оқуға салып, қатты талап қойылмады. Яғни, барлығы ізденушінің өз еркінде, өз қалауында. Ең бастысы берілген тапсырманы дұрыс орындап, емтихандарды нәтижелі тапсырса жеткілікті, – дейді Кадир Дәуірбек.
Оның айтуыша, қос дипломдық бағдарлама бойынша Қазақстаннан барып білім алып жатқан студенттер көп. Олардың басым бөлігі – Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларынан барған жастар.
Айта кетердігі, қос дипломдық бағдарлама қатысушылары екі бірдей жоғары оқу орнының дипломын алып шығады. Бұл – қазақстандық жоғары білімнің халықаралық білім кеңістігіне интеграциялануының бір көрінісі. Яғни, түлектер Қазақстанның ЖОО-да ғана емес, өзге мемлекеттерде де жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады.