Павлодарда психологиялық қолдау орталығы ата-аналарға тегін білікті көмек көрсетеді

Білім беру басқармасының жанынан өңірлік психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мұнда мамандар балалар мен олардың ата-аналарына тегін білікті көмек көрсетеді.
Аталмыш көмек жергілікті деңгейде психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін құруға, білім алушыларға, тәрбиеленушілерге, педагогтарға, ата-аналарға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетуге бағытталған.
Психологтарды жеке тұлғалардың әртүрлі санаттарымен тиімді жұмыс істеу үшін қажетті біліммен, құралдармен және ресурстармен қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың кәсіби құзыреттерін дамыту.
Сонымен қатар, психологтармен, әлеуметтік педагогтармен, директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен, сынып жетекшілерімен тікелей жұмыс істейді.
– Орталықта балаларға, ата-аналарға және педагогтарға арналған кеңес беру кабинеттері ашылды. Егер бала немесе ата-ана әртүрлі себептермен өз мектебінде психологқа жүгінгісі келмесе немесе ондай мүмкіндік болмаса, бізге тікелей келуге болады, – дейді өңірлік психологиялық қолдау орталығы басшысының міндетін атқарушы Жанара Сматаева.
Консультациялар қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сондай-ақ тәжірибе алмасу және өзекті мәселелерді шешу үшін кеңістік құруға көмектесетін семинарлар, тренингтер үнемі өткізіліп тұрады.
Орталық сенбі мен жексенбіден басқа күн сайын жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда (төтенше жағдайларда) психологтар сенбі күндері кеңес бере алады.
Айта кетейік, орталыққа алдын ала +7 7718535294 нөмірі арқылы жазылуға болады.