Жаяу жүргіншілер өткелінде «лайк жинаған» павлодарлық қыз жауапқа тартылды

Жаяу жүргіншілер өткелінде «лайк жинаған» павлодарлық қыз жауапқа тартылды
Фото: Константин Шелков

Полицейлер азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысында әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында жаяу жүргіншілер өткелінде бейнеролик түсірген бойжеткен анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 16 шілде күні облыс орталығында әуежай маңындағы жаяу жүргіншілер өткелінде болған. Бойжеткен жолдың жүру бөлігінде видео түсіріп, кейін оны Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына жариялаған.

Мониторинг нәтижесінде құқық бұзушының жеке басы анықталды. Оған жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысына өзге де қатысушылардың жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.

Полиция мұндай әрекеттердің адамның өз өмірі мен денсаулығына ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіретінін ескертеді. Сондықтан жолдың жүру бөлігінде бейнеролик түсіру немесе өзге де қауіпті әрекеттер жасау заң бұзушылық ретінде бағаланып, жауапкершілікке әкеп соғады.

Павлодар облысының полиция департаменті азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.