Павлодарда ойын алаңында ішімдік ішкен тұрғын жазаланды
Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары 44 жастағы мас ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция бөлімшесіне Геринг көшесінің тұрғынынан ойын алаңында белгісіз ер адам алкогольді сусын ішіп отырғаны жайлы хабар түскен.
– Алкогольді ішу немесе қоғамдық жерде мас күйінде пайда болу – көп таралған құқық бұзушылықтардың бірі. Осыған байланысты полицейлер үнемі рейдтік алдын алу іс-шараларын өткізеді. Жыл басынан бері қ тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша 3000-нан астам азаматты жауапқа тартты, – деп хабарлады Павлодар қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Арман Каптаев.
Айта кетейік, ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша қоғамдық жерде алкоголь тұтынған адамға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.