Майқайың кенішінде ойыққа маркшейдер мен құтқарушылар түсіріледі
Мамандар топырақтың қозғалысы мен шұңқыр түбінің өзгерісін анықтайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, «Майқайың-алтын» АҚ аумағында іздеу-құтқару жұмыстары орнынан 70 мың текше метрден астам топырақ пен тау жыныстары шығарылды.
– Жұмыс тәулік бойы жүргізілуде. 9 қаңтарда ТЖД құтқарушыларын маркшейдер маманмен бірге топырақтың қозғалысын және шұңқыр түбінің өзгерісін анықтау үшін төменге түсіру жоспарланған, – деді облыстық ТЖД бастығы Жасұлан Жұмашев.
Ауыр техниканың көмегімен автобустың орналасуы мүмкін жерге өту жолын тереңдету жұмыстары жалғасуда. Іздеу жұмыстарына барлығы 142 адам, 49 техника, үш кинологиялық есеп және екі ұшқышсыз ұшу аппараты – дрон жұмылдырылды.
Еске сала кетейік, Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» АҚ-ның алтын кенішіндегі ойыққа түсіп кеткен автобусты шығару жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтқан болатын. Қазақстандық құтқарушылар мұндай жағдайға бірінші рет тап болған.