Үздік мақала: Павлодар облысының жастары жемқорлыққа қарсы үн қосты

Үздік мақала: Павлодар облысының жастары жемқорлыққа қарсы үн қосты
Фото: автор

Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы үздік мақала авторлары марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Үздік мақала» конкурсының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Байқаудың мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, адалдық пен әділдік құндылықтарын дәріптеу және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қағидатын қалыптастыру.

Конкурсқа облыстың қалалары мен аудандарындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің 30 студенті қатысып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, заңдылық және азаматтық жауапкершілік тақырыптарына арналған мақалаларын ұсынды.

Арнайы құрылған комиссия қатысушылардың жұмыстарын жан-жақты саралап, жастардың «Заң мен тәртіп» идеологиясына қатысты көзқарасына, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тың идеялары мен ұсыныстарына басымдық берді.

Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, қатысушылар өз мақалаларында күнделікті өмірде кездесетін, кейде елеусіз көрінетін әрекеттердің өзі сыбайлас жемқорлыққа әкелуі мүмкін екенін көрсетуге тырысқан.

– Студенттердің мақалаларында жастар арасында күнделікті кездесетін парақорлық пен сыбайлас жемқорлыққа жол ашуы мүмкін әрекеттер қарастырылған. Кейде бізге болмашы болып көрінетін іс-әрекеттердің өзі үлкен әрі күрделі мәселелерге себеп болуы мүмкін. Жастар осындай мысалдар арқылы өз құрдастары мен достарына ой салып, маңызды мәселелерге назар аударуға тырысқан, – деді Жаннұр Ахметжанова.

Қатысушылардың еңбектерінде адалдық пен тәрбие құндылықтарына да ерекше мән берілген. Мәселен, авторлардың бірі тәртіп пен адалдықтың негізі отбасында қалыптасатынын атап өткен. Оның пайымынша, бала бойына кішкентайынан сіңірілген жақсы қасиеттер оның болашақта жауапты әрі адал азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.

Тағы бір қатысушы «Бір азамат – бір отбасы – бір қоғам – бір мемлекет» идеясын ұсынған. Бұл тұжырым әр адамның іс-әрекеті қоғамның дамуына әсер ететінін, ал сыбайлас жемқорлықтың елдің өркендеуіне кедергі келтіретінін көрсетеді.

– Әрбір азаматтың қоғамға тигізетін әсері бар. Сондықтан жастардың өзекті мәселелерге бейжай қарамай, жеке көзқарастарын білдіріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үлес қосып жатқаны қуантады, – деп атап өтті бөлім басшысы.

Конкурс қорытындысы бойынша төрт арнайы номинацияның жеңімпаздары анықталды. «Үздік зерттеу жұмысы» номинациясында Павлодар гуманитарлық-педагогикалық жоғары колледжінің студенті Дарья Вертлугова, «Үздік практикалық жұмыс» номинациясында Инновациялық Еуразия университетінің студенті Гауһар Дощан, «Үздік аналитика» номинациясында Екібастұз политехникалық колледжінің студенті Нұрсұлтан Шамшиев, ал «Үздік заманауи тәсіл» номинациясында осы колледждің студенті Еркехұлан Серікбол жеңімпаз атанды.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің студенті Диана Мубаракова иеленді. Екінші орынға Қазтұтынуодағының Павлодар жоғары экономикалық колледжінің студенті Аима Идрисова лайық деп танылса, үшінші орын Ақсу қара металлургия колледжінің студенті Данил Куприяненкоға бұйырды.

– Менің мақаламның негізгі идеясы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие адам бойында ерте жастан қалыптасуы керек. Осы ойды өз жұмысымда жан-жақты ашуға тырыстым. Мақалам көркемдік сипатта жазылған және ең алдымен балаларға бағытталған. Болашақ педагог ретінде мен бұл тақырыпты тәрбие үдерісімен және сабақ мазмұнымен байланыстырдым. Мақалада балаға адалдық пен әділдік сияқты құндылықтарды ұзақ дәріс оқып, ақыл айтумен емес, қарапайым өмірлік мысалдар мен жеке үлгі көрсету арқылы жеткізу жолдарын қарастырдым. Себебі балаға құр сөзден гөрі, күнделікті өмірде көрген өнегелі іс-әрекет көбірек әсер етеді деп ойлаймын, – дейді төрттінші курс студенті Диана Мубаракова.

Конкурсқа қатысушыларға алғыс хаттар, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, үздік деп танылған жастардың мақалалары облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында, арнайы «Заң мен тәртіп» айдарында жарияланады.