Павлодарда жылу энергиясын 40%-ға дейін үнемдейтін жабдықтар сынақтан өткізілмек
Өңірде жергілікті «Ридан» кәсіпорны өндіретін жылу жабдықтарын тұрғын үйлерге орнату мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Жоба сәтті жүзеге асса, тұрғындардың коммуналдық шығындары азаймақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков жергілікті «Ридан» ЖШС өндірісінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын блокты жылу пункттері мен пластиналы жылу алмастырғыштар шығарады. Кездесуде осы жабдықтарды көпқабатты тұрғын үйлерге орнатып, энергия үнемдеу тиімділігін тәжірибе жүзінде тексеру мәселесі талқыланды.
Кәсіпорында металл дайындау, дәнекерлеу және өнімдерді өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Өндірісте заманауи жабдықтар қолданылады. Компания өнімдерін Қазақстан, Ресей және Өзбекстанда тұтынады. Кейбір металл бөлшектер коррозиядан қорғау үшін мырышпен қапталады.
Кәсіпорын өкілінің айтуынша, жылу алмастырғыштар мен автоматты реттеу құрылғыларын пайдалану жылу энергиясын тұтынуды 30–40 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік беруі мүмкін.
– Біз екі негізгі өнім шығарамыз. Олар – блокты жылу пункттері мен пластиналы жылу алмастырғыштар. Жылу энергиясын үнемдеуге жылу алмастырғыштармен қатар датчиктер, шығын өлшегіштер және реттеу клапандары сияқты заманауи жабдықтар да ықпал етеді, – деді «Ридан» өкілі.
Хасар Хабылбеков жабдықтардың тиімділігін нақты деректер негізінде бағалау үшін бірнеше тұрғын үйде пилоттық жоба енгізуді ұсынды.
– Жылу желілері мен үйлерге қызмет көрсететін ұйымдарды жинап, кәсіпорын өкілдерімен жабдықтың мүмкіндіктерін талқылау қажет. Бірнеше үйде пилоттық жоба жүргізіп, нәтижесін өткен жылмен салыстырайық. Егер жылу энергиясын тұтыну шынымен 30 пайызға азайса, бұл тұрғындардың төлеміне де оң әсер етуі мүмкін. Сонымен бірге, қаладағы өндірістің дамуына да жол ашады, – деді қала әкімі.
Пилоттық жобаға қатысты ұсынысты пысықтау барысында жылу желілері мамандары мен тұрғын үйлерге қызмет көрсететін ұйымдардың қатысуы көзделіп отыр. Негізгі мақсат – жаңа жабдықтардың энергия үнемдеу әлеуетін тәжірибе жүзінде тексеріп, оның тұрғындарға беретін нақты пайдасын анықтау.
Айта кетелік, облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен өңірде жергілікті кәсіпорындарды дамытуға және заманауи технологияларды енгізуге басымдық беріліп келеді. Мұндай жобалар өндірісті өркендетумен қатар, коммуналдық шығындарды азайтуға да ықпал етуі мүмкін.
Посмотреть эту публикацию в Instagram