Павлодарда дәстүрлі республикалық тоғызқұмалақ турнирі басталды
Аталмыш додаға 300-ден астам спортшы қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шахмат үйінде облыстық «Saryarqa samaly» газетінің жүлдесіне арналған ХV республикалық тоғызқұмалақ турнирі басталды. Бұл додада биыл Көкшетау, Қарағанды, Ақтау, Петропавл, Астана, Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан өңірлерінен келген 300-ден астам спортшы бақ таластыруда.
– Дайындық жақсы деңгейде өтіп жатыр. Осы жарысқа 11 бала әкеліп отырмын – 6 қыз бен 5 ұл. Бұған дейін республика чемпионатына қатысып, жүлделі орындарды алдық, – дейді Қызылорда облысынан келген жаттықтырушы Есмамбет Ұлтуған.
Аталмыш жарыстың ұйымдастырушылары ойын тоғызқұмалақтың тек бір түрінен өтетінін атап өтті. Бұл жарысқа жерлестеріміз де қатысуда.
– Турнирге Ақсу, Павлодар, Екібастұз, Шарбақты, Баянауыл, Аққулы, Успен, Ертіс аударынан да қатысушылар келіп жатыр. Жарыс тек рапид түрі бойынша өткізіледі. Турнирде 9 тур 20 минуттан болады. Аталмыш жарыста Қазақстан чемпиондары, спорт шеберлері, көптеген разрядтағы балалар бар. Қатысушылардың көптігіне байланысты жарыс екі күнге созылмақ, – дейді ұйымдастырушылар.
Айта кету керек, қатысушылар әртүрлі жас санаттары бойынша ой сынасатын болады. Олар – 9, 11, 13, 15 жасқа дейінгі қыздар мен ұлдар және 15 жастан асқан спортшылар.