Павлодар облысында аудит объектілерінде лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды
2023 жылғы бірінші тоқсандағы аудиторлық қызмет пен камералдық бақылаудың қорытындыларын жарияланды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Павлодар облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мәліметінше, сәйкестік аудиті бөлімі аудиторлық қызметті іске асыру шеңберінде биылғы жылдың бірінші тоқсанында 21 аудиторлық іс-шара өткізді. Аудитпен жалпы сомасы 3 279,01 миллион теңгеге бюджет қаражаты қамтылды, оның нәтижелері бойынша жалпы сомасы 451,36 миллион теңгеге бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде 83,11 миллион теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар, 368,25 миллион теңге сомасына 91 бұзушылық мөлшерінде рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар тіркелді.
– Есепті кезеңдегі аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша аудит объектілеріне белгіленген бұзушылықтарды жоюға 18 нұсқама жіберілді, оның ішінде толық көлемде 12 нұсқама орындалды. Бұдан басқа, қаржылық бақылаудың ден қою шараларын іске асыру мақсатында жіберілген бұзушылықтар үшін аудит объектілерінің 19 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, қаржылық бақылауға ден қою шараларын қабылдау мақсатында жалпы сомасы 1 482,7 мың теңгеге 9 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олар толық көлемде өтелді.
2023 жылдың 1 тоқсанында жалпы сомасы 92,9 млрд теңгеге 5 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу қамтылды.