16 жастағы павлодарлық ЖИ платформасын жасап, халықаралық нарыққа жол ашты
11-сынып оқушысы Азамат Серік жасанды интеллектке негізделген Creatorfield AI платформасын әзірлеп, бір айдың ішінде шетелдік инвесторлардан сегіз мың доллар инвестиция тартты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Азамат Серіктің бағдарламалауға деген қызығушылығы бірнеше жыл бұрын пайда болған. Алғашында оны сайттар, ойындар мен қосымшалардың қалай жұмыс істейтіні қызықтырды. Біртіндеп әуестік бағдарламалаумен байыпты айналысуға ұласты. Ол интернеттегі тегін материалдар арқылы өз бетінше білім алып, кейін ата-анасы, ұстаздары мен басқа да бағдарламашылардың қолдауына ие болды. Қазір 11-сынып оқушысы оқуын жасанды интеллект саласындағы жеке стартапын дамытумен қатар алып жүр.
– Мен әрдайым күрделі міндеттерді автоматтандыра алатын жобаларға қызығатынмын. Заманауи жасанды интеллект модельдерінің мүмкіндіктерін көргенде, олардың адамдар мен бизнестің уақытын үнемдеп, өнімділігін арттыра алатынын түсіндім. Бұл мені өзімнің нейрожелілік өнімімді жасауға шабыттандырды, – дейді Азамат.
Осылайша Creatorfield AI платформасы дүниеге келді. Жасанды интеллект көмегімен сервис ұзақ видеоларды TikTok, Instagram Reels, YouTube Shorts және өзге де платформаларға арналған ондаған қысқа роликке автоматты түрде айналдырады. Бұдан бөлек, қарапайым чат арқылы пайдаланушылар монтаж, дизайн және өңдеуге арналған күрделі бағдарламаларды қолданбай-ақ мәтін, сурет және бейне жасай алады.

Идея Азаматтың қысқа видеоларды дайындауға көп уақыт кететінін байқағаннан кейін пайда болған. Көптеген авторлар мен компаниялар ұзақ бейнежазбалар түсіргенімен, оларды әртүрлі платформаларға бейімдеп үлгермейді. Сондықтан оқушы бұл үдерісті жеңілдетуді шешкен.
– Алғашқы жұмыс істейтін нұсқаны жасауға бірнеше ай кетті. Бастапқыда барлық әзірлеумен өзім айналыстым, кейін жобаға жекелеген бағыттарды дамытуға көмектесетін мамандар қосылды, – деп нақтылады әзірлеуші.
Сервисті іске қосу үшін Азамат заманауи бағдарламалау тілдерін, веб-технологияларды және компьютерлік көру модельдерін қолданған. Жұмыста Google Gemini, Claude және өзге де жасанды интеллект құралдары пайдаланылады.

Уақыт өте келе жоба инвесторлардың назарын аударды. Алғашқы болып шетелдік Oryvo AI компаниясы сегіз мың доллар көлемінде инвестиция салуды ұсынған. Әзірлеушінің мәліметінше, қазіргі уақытта стартап шамамен 300 мың долларға бағаланып отыр.
– Ең қиыны бағдарламаны жазу емес, алғашқы пайдаланушыларды тауып, оларға нақты не қажет екенін түсіну болды. Меніңше, өнім жасау – істің жартысы ғана. Адамдардың оны шын мәнінде қолдана бастауы әлдеқайда қиын, – дейді Азамат.
Creatorfield AI платформасын маркетологтар, шағын компаниялар, стартаптар және әлеуметтік желілерге тұрақты түрде контент дайындайтын командалар пайдаланады. Сервис жазылым жүйесі бойынша жұмыс істейді, сонымен қатар тегін нұсқасы да бар. Жобаны жасаушының айтуынша, платформа ай сайын шамамен 500 доллар табыс әкеледі.
Команда қосымшаны жетілдіруді, жаңа функциялар қосуды және оны халықаралық нарыққа шығаруды жалғастырып жатыр. Алдағы бір жылда Creatorfield AI пайдаланушыларының санын арттырып, платформаның мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланған.


Азаматтың айтуынша, оқу мен стартапты қатар алып жүру оңай емес. Ол үшін уақытты мұқият жоспарлап, кейде сабақтан кейін кешке дейін жоба үстінде жұмыс істеуге тура келеді. Стартаптан бөлек, жасөспірім қоғамдық қызметпен де айналысады. Ол RoboHeart атты мектептің робототехника командасын құрған. Бұл команда соңғы үш жыл қатарынан Қазақстан атынан FIRST Орталық Азия ойындарына қатысып келеді.
Сондай-ақ, Азамат Azyon жастар еріктілер ұйымының негізін қалаған. Қазіргі таңда оның құрамында Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен 500-ден астам ерікті бар. Олар бірлесіп жастарға арналған білім беру іс-шараларын, конференциялар мен форумдарды ұйымдастырады.

Өз жобасын жасағысы келетін оқушыларға Азамат мінсіз сәтті күтпеуге және бірден мінсіз өнім жасауға ұмтылмауға кеңес береді.
– Идея туралы жылдар бойы ойланғаннан гөрі, қарапайым алғашқы нұсқаны жасап, оны адамдарға көрсеткен әлдеқайда тиімді. Тәжірибе әрқашан теориядан маңызды, – дейді ол.
Оның пікірінше, жетістікке жету үшін адамда ізденімпаздық, тәртіп, табандылық, жауапкершілік және үздіксіз білім алуға деген ұмтылыс болуы керек. Сондай-ақ, сыни ойлау, дербестік, командада жұмыс істей білу және жаңа білімді тез меңгеру дағдыларын дамыту маңызды.