Павлодарда көлік салығын төлемегендерге бақылау күшейді
Берешек көлемі миллиард теңгеге жуықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында көлік салығы бойынша 15 мыңнан астам тұрғынның 942 миллион теңгеге жуық берешегі бар. Мемлекеттік кірістер департаменті борышкер азаматтарды міндеттемелерін уақытылы орындауға шақыруда.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Арман Уәлиевтің мәліметінше, әкімшілік полиция комитетінің деректері бойынша облыста 147 мыңнан астам көлік иесі бар. Олардың атына 222 мыңнан аса автокөлік рәсімделген.
– Қазіргі таңда облыста 15 707 автокөлік иесінің жалпы сомасы 942 миллион теңгеге жуық салық қарызы бар. Оның 687 миллион теңгесі негізгі берешекке тиесілі, – деді ол.
Қарызды өндіріп алу мақсатында салық органдары бақылау шараларын күшейтті. Екінші сәуірден бастап борышкерлерге тиісті хабарламалар жолданған. Азаматтарға төлем жасау үшін 30 жұмыс күні беріледі. Белгіленген мерзімде міндеттеме орындалмаған жағдайда салық бұйрығы шығарылып, құжаттар жеке сот орындаушыларына жіберіледі.
Берешегі бар көліктерді анықтау үшін мемлекеттік кірістер органдары полиция департаменті және жеке сот орындаушылары палатасымен бірлесіп рейдтер жүргізуде. «Oracle Қорғау» ақпараттық жүйесі арқылы қарызы бар автокөліктер анықталып, жүргізушілерге тиісті талаптар табысталады.
Жыл басынан бері өңірде 95 рейд ұйымдастырылып, нәтижесінде 423 салық төлеуші 66 миллион теңгеге жуық қарызын жапқан. Өткен жылы 234 рейдтің қорытындысы бойынша 3 196 азаматтан шамамен 169 миллион теңге өндірілген.
Мамандар көлік сатып алу немесе сату кезінде оны міндетті түрде қайта тіркеу қажеттігін ескертеді. Себебі сенімхат арқылы беріліп, бірақ есептен шығарылмаған автокөліктер бұрынғы иесінің атына салық міндеттемесін қалдыруы мүмкін.