Павлодар облысында инвестицияның басым бөлігі өнеркәсіп пен агроөнеркәсіпке тиесілі
Жылдың соңына дейін өңірде 19 жоба іске қосылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов инвестициялар тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлім етті.
– Биылғы жылға белгіленген жоспар 851 миллиард теңгені құрайды. Тоғыз айдың ішінде тартылған инвестиция көлемі 634,6 миллард теңгені құрап отыр.
Оның сөзінше, бүгінде жылдық жоспардың орындалуы 74,6% құрайды және оны орындау бойынша ешқандай тәуекелдер жоқ.
– Жалпы, инвестициялардың ең көп көлемі өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп саласындағы жобаларға тиесілі. Бүгінгі таңда пулда жалпы сомасы 2,1 триллионнан асатын 127 жоба бар, – деді Ержан Иманзаипов.
Жыл басынан бері 22 жоба іске қосылып, 229 тұрақты жұмыс орны ашылды.
– Ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы құны 291 миллиард теңгені құрайтын 19 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 800-ге жуық жұмыс орнын ашылады, – деді спикер.
Аталған инвестициялық бастамалардың қатарында Екібастұз қаласына тиесілі екі ірі жоба бар.
– №1 ГРЭС және №2 ГРЭС энергия блоктарын қайта жаңарту және салу жөніндегі жобалар, бұл қосымша 1136 МВт қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин. – Өндіруші салада «Богатырь Көмір» кәсіпорны автоконвеер технологиясына көшу жобасын іске қосуды жоспарлап отыр.
Асайын Байханов инвестицияларды тартумен қатар, оларды дамыту және туындаған сұрақтарды шешуді нығайту керектігін атап өтті.
– Қазір инвестиция үшін күрестің өткір кезеңі жүріп жатыр. Біздің аймақ барлық жағынан бәсекеге қабілетті болып табылады. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. Мысалы, көлік пен инженерлік инфрақұрылымы жақсы деңгейде, – деді аймақ басшысы. – Біздің ең басты міндетіміз – жаңа жұмыс орындарын құру және әлеуметтік экономиканы дамытуға ықпал ететін ауқымды инвестициялық жобаларды тарту.
Облыс әкімі осы бағытта атқаралып жатқан жұмыстарды қатаң бақылауды тапсырды.