Ақындар Екібастұз көмірін ашқан геолог жайлы жырлады
Кеншілер қаласында «Тастың тілін түсінген» ақындар мүшәйрасының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Атамұра» мәдениет орталығында қазақ халқының мақтанышы, әйгілі кентанушы Қосым Пішенбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған ақындар мүшәйрасы өтті. Іс-шара Екібастұз көмірін ашқан геологтың еліне сіңірген еңбегі мен ұлы тұлғалық қасиеттерін дәріптеу, өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылды.
Мүшәйраға өңіріміздің танымал ақындары, оның ішінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» сыйлығының лауреаты Ерболат Әміренов, Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан, белгілі айтыс ақыны Рауан Қайдар және басқалары қатысты. Ақындар Қосым Пішенбайұлының өмірі мен еңбегін жырға қосып, өздерінің жүректен шыққан туындыларын сахна төрінде орындады.
Марапаттау рәсімінде «Атамұра» мәдениет орталығының директоры Нұрсұлу Төлеубаева мен қазылар алқасының мүшесі ақын Жұмағали Қоғабаев жеңімпаздарды құттықтады. Мүшәйраның қорытындысы бойынша Самал Сәрсенбекова ІІІ орынды, Ерболат Әміренов ІІ орынды, Рауан Қайдаров І орынды иеленді. Бас жүлдені Айбек Оралхан жеңіп алды.
Қосым Пішенбаев Баянауылдың түкпіріндегі Үрпек ауылында туған. Оның кен өнеркәсібіне қатысты ешбір кәсіптік білімі болмаса да табиғатқа, қоршаған ортаға деген ерекше сүйіспеншілігі жастайынан тастың тілін түсінуге жетелеген. Ол – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жеріндегі 20-дан астам кен орнын алғаш ашқан қазақ. Екібастұз секілді алып өндірістік аумақтың негізін салып берген кентанушының қай еңбегі болсын атауға тұрарлық. Қосым Пішенбаев іздеп тапқан кен орындары ішінде «Екібастұз», «Александровка», «Берікқара», «Қазанауыз», «Майкөбе», «Майқайың», «Жосалы», «Көктас», «Желтау», «Жартас», «Үшқатын», «Найзатас», «Үшқара», «Қарақұра», «Шөптікөл», «Алтынды» сияқты нысандар бар.