Ақсулық жас жол инспекторлары республикалық слетте жоғары нәтиже көрсетті
Бәсекеде еліміздің барлық өңірінен және ТМД елдерінен келген жастар бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының полиция департаментінде Ғазиз Байтасов атындағы ХХІ Республикалық жас жол инспекторлары слетіне қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шара барысында Ақсу қаласындағы Қабылбеков атындағы мектептің жас жол инспекторлары командасы марапатталды. Команда республикалық байқауда үздік бестіктің қатарынан көрініп, 4-орынға тұрақтаған болатын.
Жеке біріншілікте де Павлодар облысының намысын қорғаған жерлестеріміз жоғары нәтиже көрсетті. Полиция майоры Раада Жанпейісова қызметкерлер-пропагандистер арасындағы байқауларда 1-орынды иеленіп, жеңімпаз атанды.
Биыл ауқымды слет Қостанай қаласында өтті. Үздік атану үшін Қазақстанның барлық өңірінен келген 20 мықты команда, сондай-ақ ТМД-ның 6 елінің өкілдері бақ сынады.
— Бұл – біз шын лайықты нәтиже. Осындай жетістіктің артында балалардың, олардың тәлімгерлері мен педагогтерінің, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің орасан зор еңбегі, жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігі тұр. Әрқайсыңызға жаңа жеңістер, өз күштеріңізге деген сенімділік, зор денсаулық және үлкен жетістіктер тілеймін. Бұл слет сіздердің өмірлеріңіздегі жарқын оқиға әрі болашақтағы жаңа жетістіктерге бастар маңызды қадам болсын, — деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Мәлік Оңғарбаев.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттайтын қызметкерлер де өздерінің шеберліктерін жоғары деңгейде көрсетті. Облысымыздың полиция қызметкері пропагандистер арасындағы байқауда сенімді түрде жеңімпаз атанды.
— Біздің балалар дайындықтың жоғары деңгейін, жол қозғалысы ережелерін жетік білетіндерін, командалық рух пен жеңіске деген жігерін көрсетті. Байқаудың әр кезеңі олар үшін өздерінің тәртіптілігін танытып, қатарластарына үлгі болуға дайын екендерін дәлелдеуге мүмкіндік берді. ЖЖИ слеті – жай ғана жарыс емес, бұл жаңа таныстықтар, берік достық және ортақ қауіпсіздік үшін жеке жауапкершілікті сезіну, — дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Раада Жанпейісова.
Іс-шара соңында барлық жас жол инспекторларына және полиция қызметкеріне Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Департамент басшылығы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін білім басқармасының бөлім басшысы Жібек Айтмұхамбетоваға және ЖЖИ командасының жетекшісі, педагог Сабина Зариповаға ерекше алғысын білдірді.
Команданы дайындаған мектеп те естелік сыйлықпен және Алғыс хатпен марапатталды.