Ауылдағы кітапханаға интернет жетті – Павлодар облысында цифрландыру қарқыны артты

Ауылдағы кітапханаға интернет жетті – Павлодар облысында цифрландыру қарқыны артты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аймақта кітапханаларды цифрландыру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгінде өңірдегі 225 кітапхананың 198-і интернет желісіне қосылған, оның ішінде 179-ы ауылдық жерлерде орналасқан. 2025 жылы Ақтоғай ауданына қарасты Жаңатап ауылдық округінің кітапханасы алғаш рет интернетке қосылды.

Бұл туралы С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Шолпан Шахметова мәлімдеді.

– Железин, Ертіс, Павлодар,Тереңкөл, Успен аудандары мен Екібастұз қаласының кітапханалары 100 пайыз интернетке қосылған. Алайда кейбір аудандарда бұл көрсеткішке жету үшін әлі де жұмыс істеу қажет, – деді Шолпан Шахметова.

Оның айтуынша, толық интернетке қосылмаған кітапханалар цифрландыру процесінде басты кедергі болып отыр.

Қазіргі таңда кітапханалардағы басты бағыттар – электронды кітаптарға қолжетімділік, қордағы кітаптардың цифрлық нұсқасын жасау, кітап беру-алу процесін автоматтандыру және қашықтан қызмет көрсету.