Павлодарда сотталғандарды жұмыспен қамтитын жаңа жоба іске қосылды
Жұмысқа кіріспес бұрын жазасын өтеушілер қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқамадан өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәлімдеуінше, №46 мекемесінде «Еңбек-Павлодар» РМК және «Рамазан» ЖК-мен бірлесіп, ағаш өңдеу бойынша жаңа өндірістік учаске іске қосылды. Жоба сотталғандарды еңбекпен қамтуды кеңейтуге және мекеменің өндірістік әлеуетін дамытуға бағытталған.
— Жаңа учаскеде 6 сотталған жұмыспен қамтылған. Олар қарағай ағашын өңдеп, құрылысқа арналған ағаш тұғырлар (поддондар) мен сыртқы дәретханалар дайындайды. Ай сайын 100-ге дейін поддон және 30 сыртқы дәретхана шығарылады деп көзделуде, - дейлінген хабарламада.
Жұмысқа кіріспес бұрын сотталғандар қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқамадан өтіп, ағаш өңдеу ісінің қыр-сырын меңгереді. Бұл олардың жұмысшы мамандығын игеруіне мүмкіндік береді. Еңбек заңнамасына сәйкес ақы төленеді, ал табыстың бір бөлігі талап-арыздар бойынша берешектерді өтеуге бағытталады.
Аталған жоба сотталғандарды тұрақты жұмыспен қамтуға, олардың кәсіби дағдыларын қалыптастыруға және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға табысты бейімделуіне ықпал етеді.