Аналардың ұйқысына алаңдаған павлодарлық ұстаз жеңімпаз атанды

«Дүниедегі бар жақсылық ананың қолында» байқауының жеңімпазы №21 мектепте жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жігер» балалар мен жасөспірімдер клубы Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай мектеп және балабақша тәрбиешілері арасында шешендік өнер сайысын ұйымдастырды. Конкурс №39 жалпы білім беретін мектепте өтті. Байқаудың мақсаты – дарынды ұстаздарға қолдау көрсету, шешендік мәдениетті ұлықтау, отбасылық құндылықтар мен эстетикалық тәрбиені насихаттау.
Білікті қазылар алқасы қатысушылардың сөйлеу мәнеріне, әуеніне, қарқыны мен ырғағына, әртістік шеберлігі мен сахна мәдениетіне баға берді. Конкурсқа қатысушылар саны 70-ке жетті. Жеңімпаз №21 мектеп мұғалімі Людмила Киселева атанды. Мұғалім «Спят ли мамы?» монологын оқиды. Барлық жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, қатысушылар сертификаттарға ие болды.
– Байқау ұстаздардың шығармашылық әлеуетін шыңдап, ана туралы жырдың озық үлгілерін көпшілікке танытуға ықпал еткен жарқын оқиғаға айналды. Қатысушылардың қойылымдары шынайылықпен, әртістікпен, мәнерлілікпен сусындап, көрермендер мен ұйымдастырушылардың оң бағасын берді, - дейді «Жігер» клубының әдіскері Ғалия Қоңыратбаева.
Байқау өткізу игі дәстүрге айналған. «Жігерліктер» павлодарлық ұстаздардың жан-жақты дамуына ықпал ету мақсатында осындай іс-шараларды одан әрі жалғастыруды көздеп отыр.