Майқайың кентінің балалары кәсіби музыкалық колледжде білім алады

Майқайың кентінің балалары кәсіби музыкалық колледжде білім алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар қаласындағы музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешені мен Майқайың балалар өнер мектебі меморандумға қол қойды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Келісімнің мақсаты – аймағымыздағы жас өрендерді кәсіби музыкалық өнерге толыққанды даярлау. Ынтымақтастық аясында бүгінде өнер мектептерінде білім алып жатқан талантты оқушылар білімінің келесі сатысын кәсіби музыкалық колледжде жалғастыратын болады.

– Бұл меморандум оқушының үздіксіз білім алуын, бойында қалыптасқан музыкалық білімін әрі қарай дамытып, орындау әдістерін игеруді мақсат тұтады. Сондай-ақ меморандумға сәйкес, мұғалімдердің ғылыми-әдістемелік жұмыстарына, оқулықтар мен кітапханалық ресурстарға, материалдық-техникалық базаны дамыту жұмыстарына баса назар аударылады,  – деді өз сөзінде кешен басшысы Серік Сыздыков.

Сондай-ақ, алдағы уақытта өнер мектептерінің кәсіби біліктілігін көтеру үшін семинар, шеберлік сыныптары, лекция, концерттер ұйымдастырылады.

Шара колледж оқытушыларының шеберлік сағаттарымен жалғасты. 

Айта кетейік, қазіргі таңда өнер мектебінде 370-тен астам оқушы білім алады.