«Aqtogai Milk» ЖШС-дегі жазатайым оқиғағаның себебі белгілі болды

«Aqtogai Milk» ЖШС-дегі жазатайым оқиғағаның себебі белгілі болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Алты жұмысшының қаза болуына әкеп соққан топтық жазатайым оқиғаға жүргізілген арнайы тексеру аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, тексеру барысында жұмысшылардың бірі кәріз құдығында күкіртсутегінен уланғаны анықталды. Оған көмек көрсетуге ұмтылған басқа жұмысшылар да құдыққа кезекпен түскен. Салдарынан бір-бірін құтқаруға тырысқан алты жұмысшы күкіртсутегінің әсерінен қаза тапты.

Комиссия жұмысшылардың қауіптілігі жоғары жұмыстарды қауіпсіз орындау бойынша тиісті оқудан өтпегенін және қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілмегенін анықтады.

Сонымен қатар, кәріз құдығындағы жұмыстарды ұйымдастыру кезінде, оның ішінде авариялық жағдай туындаған және құтқару жұмыстары жүргізілген кезде қауіпсіздіктің қажетті деңгейі қамтамасыз етілмеген.

Үкіметтік комиссияның жұмысы қорытындысы бойынша жұмыс беруші – «Aqtogai Milk» ЖШС-нің кінәсі 100 пайыз деп белгіленді.

Арнайы тексеру нәтижесінде жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайлары айқындалып, жауапты лауазымды тұлғалар белгіленді. Сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою және алдағы уақытта осындай жағдайларға жол бермеу жөнінде ұсынымдар әзірленді.

Еске салайық, 20 шілдеде Ақтоғай ауданындағы «Aqtogai Milk» ЖШС-де жазатайым оқиға болып, алты қызметкер қаза тапты. Тағы бір адам көмірқышқыл газынан уланып, ауруханаға жеткізілді. Аймақ басшысы Асайын Байханов оқиға орнына барып, қаза болған жандардың отбасыларына мемлекет тарапынан да және жұмыс беруші тарапынан да кешенді қолдау көрсетілетінін атап өтті. Оларға арнайы материалдық көмек беріледі, жыл соңына дейінгі жалақысы төленеді және несиелерін өтеуге жәрдем көрсетіледі. Сондай-ақ компания кәмелетке толмаған балаларының 18 жасқа дейінгі күтімі мен білім алуына байланысты барлық шығынды өз мойнына алды.

Облыстық полиция департаментінің забарлауынша, қазіргі уақытта үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.