Асайын Байханов «Aqtogai Milk» кәсіпорнында қаза болғандардың отбасыларымен кездесті

Асайын Байханов «Aqtogai Milk» кәсіпорнында қаза болғандардың отбасыларымен кездесті
Фото: Валерий Бугаев

Оларға материалдық көмек көрсетіліп, балаларын оқыту шығыны өтеледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір басшысы Асайын Байханов жазатайым оқиға салдарынан алты қызметкер қаза болған «Aqtogai Milk» ЖШС-не барып, марқұмдардың отбасыларымен кездесті. Облыс әкімі жақындарынан айырылған азаматтардың қайғысына ортақтасып, оларға мемлекет пен жұмыс беруші тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

– Қаза болған жандардың отбасыларына мемлекет тарапынан да және жұмыс беруші тарапынан да кешенді қолдау көрсетіледі. Оларға арнайы материалдық көмек беріледі, жыл соңына дейінгі жалақысы төленеді және несиелерін өтеуге жәрдем көрсетіледі. Сондай-ақ компания кәмелетке толмаған балаларының 18 жасқа дейінгі күтімі мен білім алуына байланысты барлық шығынды өз мойнына алады, – деп мәлімдеді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Асайын Байханов Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментіне, полиция департаментіне және прокуратураға аталған оқиғаны тергеуді ерекше бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар қайғылы оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауды және еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзуға жол берген кінәлі тұлғалардың жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеуді міндеттеді.

Еске салайық, 20 шілдеде Ақтоғай ауданындағы «Aqtogai Milk» ЖШС-де жазатайым оқиға болып, алты қызметкер қаза тапты. Тағы бір адам көмірқышқыл газынан уланып, ауруханаға жеткізілді. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Кәсіпорын қаза болғандардың отбасыларына материалдық және өзге де қажетті қолдау көрсететінін мәлімдеді.