Ардың ақыны Арман Қани: Павлодарда мүшәйра жеңімпаздары марапатталды
Жиырмадан астам жас ақынның ішінен мықтылары іріктелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Арман Бақтанұлы Қанидың 70 жылдығына арналған «Ардың ақыны Арман Қани» атты әдеби сазды кеш өтті. Іс-шара барысында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ұйымдастырған қалалық жыр мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Аталмыш байқауға жиырмадан астам жас ақынның өлеңдері келіп түскен. Қазылар алқасының шешімімен төрт үздік ақын іріктеліп, шара барысында марапатталды. Ал бұл мүшәйрада қазылық еткен – Бейбіт Бөжен, Алпысбай Хонж.
Байқау қорытындысы бойынша Мәшһүр Жүсіп атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 10-сынып оқушысы Қуанышбай Ділназ үшінші орынды иеленсе, Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-гимназия интернатының 11- сынып оқушысы Рафаилов Бейбарыс екінші орынға табан тіреді. Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-гимназия интернатының 9-сынып оқушысы Баршынбай Мейіржан бірінші орынды қанжылады. Ал бас жүлде - «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің 10- сынып оқушысы Макарев Мүслімге бұйырды.
Еске сала кетейік, Астана қаласында ақынның «Таңдамалы» деген атпен жарық көрген жинағының тұсаукесері өтті. Әрі «Сарыарқаның асыл ақыны – Арман Қани» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Фото: Есенжол Исабек