Павлодарлық тігінші: Жар іздеген жігіттер қыздың бас киіміне қарап сөз салған

Павлодарлық тігінші: Жар іздеген жігіттер қыздың бас киіміне қарап сөз салған

Қыз тақия, бөрік кисе, басы бос екенін сезген, деп хабарлайды@Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ertis» музейінде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Үкілі тақия, киелі кимешек» атты іс-шара өтті.

Шарада өңіріміздің хас шебері Гүлайым Акумбаеваның тіккен бас киімдері көрсетілді.

–   Бүгін төртінші рет халқымыздың жас ерекшеліктеріне қарай тіккен бас киімдердің үлгілерін көрсетіп отырмыз, – дейді ол.

Шебердің айтуынша, адам дүние есігін ашқанда кие бастайтын ит тақия, қыздар кепеші, сораба, жырға, бөрік, қарқара, сәукеле, қасаба, күндік, шәлі, кимешек түрлерін арнайы зерттеп, ескі үлгісіне қарап тіккен.

Құлпырған қыздың ажарын аша түсетін тақия асқан ұқыптылықпен, зерлі тігіспен, басқа да әртүрлі моншақтармен, күміс теңге, маржан тастармен әшекейленеді. Үкілі тақия – қазақ қыздары ерекше ұнатып киетін бас киім.

–   Халқымызда тұрмысқа шықпаған бойжеткен барынша сәнді киініп жүрген. Жар іздеген жігіттер қыздардың басына қарап, сөз салуға болатын-болмайтынын аңғарған, – дейді тігінші.

Мәселен, тақия, бөрік кисе, басы бос екенін сезген, ұнатып жатса жаушы жіберіп, үлкендер арқылы құдалық жолын сөйлескен. Кейде азаматтар шешесі, жеңгесі тігіп берген үкілі тақия немесе сырға, білезіктер арқылы сүйгеніне көңілін білдірген. Қыздар қарымта ретінде кестелі бет орамал сыйлаған. Осының бәрі халқымыздың бас киімге деген ерекше құрметін бейнелейді.

Қазақта қыз өз үйінен ұзатыларда шешесі қызының басындағы үкілі тақиясын алып, сәукелені өз қолымен кигізіп, ақ батасын беріп аттандырған. Өзге шаңыраққа келін боп түсерде арнайы беташар жасалып, бөртпе немесе жібек жаулық салған. Ал перзент сүйіп, ана атанғаннан бастап жасына қарай әртүрлі кимешек кие бастаған, онда да шағын той жасалып, жақсы тілектер айтылған.

–   Әр өңірдің әйелдері киетін кимешектің негізгі үлгісі өте ұқсас болғанымен, жеке бөліктері мен кимешекке түсіріліп отырған өрнектерінде айырмашылықтары болады. Көбінесе ақ матадан, кейде ақ жібек матадан адамның басына лайықтап пішіп, тігіледі, – дейді ол.

Жас келіншектер кимешектерін өрнектермен әшекейлеп, сәндеп киген. Кимешектің үй және шаруа жұмыстарына арналған түрлері болады, сәйкесінше, әйелдер үй мен қонаққа киетін кимешектерін бөліп киген. Кимешекке ою салып, моншақпен әсемдеу оның жолдасы бар екенін білдірген. Ал жесір қалған әйелдер кимешектің өрнектерін алып тастап таққан.

Әйел егде тартқан сайын, кимешегі де қарапайымдала берген. Кимешек көшпелі өмірге бейімделіп тігілгендіктен, көшіп-қонған заманда әйелдің денесін таза, жылы ұстау үшін киілген. Кимешектің үстінен жаулық тартқан. Жаулықтың маңдайына қатты қағаз салып орау әжелердің мәртебесін, салтанатын көрсеткен. Шара соңында тігінші кимешектің үстінен ақ мата тарту үлгісін көрсетті.