Павлодарлық музыкант бір айда Мәскеу сахнасын бағындырды

Павлодарлық музыкант бір айда Мәскеу сахнасын бағындырды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жас орындаушы Мәскеуде өткен халықаралық байқаудың лауреаты атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар музыкалық колледжінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Төрегелді Жасұлан Мәскеуге аттанбас бұрын «Silver Sounds» үрмелі және соқпалы аспаптар орындаушыларының V облыстық байқауында жарқыраған. Жас өнерпаз аталмыш доданың Гран-при иегері атанып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. 

— Кейін Наурыз мерекесіне арналған салтанатты концертке қатысу үшін Түркістан қаласына жол тартты. Бұл шара ел Президентінің қатысуымен өтті, — деп бөлісті музыкалық мекеме әкімшілігі. — Осындай маңызды сахнада қазақстандық жұлдыздармен бірге өнер көрсету оның шығармашылық өсуіндегі маңызды кезеңге айналып, орындаушылық шеберлігінің жоғары деңгейін дәлелдеді.

Одан кейін Төрегелді Жасұлан Мәскеу мемлекеттік консерваториясына барып, танымал музыкант Вадим Новиков өткізген шеберлік сабағына қатысты. Бұл тәжірибе оған кәсіби дағдыларын тереңдетіп, әлемдік орындаушылық дәстүрлерімен танысуына мүмкіндік берді.

— Мәскеуде жүріп студентіміз Ю.Н.Должиков атындағы XV халықаралық байқауында бақ сынады. Үздік қатысушылар арасында ол тек техникасын ғана емес, сонымен қатар әртістік қабілетін, музыкалық ойлау тереңдігін көрсетіп, II дәрежелі лауреат атағына ие болды, - дейді ұстаздары.

Музыкалық колледждегілер Төрегелді Жасұлан аймақтағы болашағы зор музыканттардың бірі ретінде қарастырылатынын, әрі оның Қазақстанды халықаралық сахнада лайықты деңгейде таныта алатын дарынын атап өтті.