Қала күніндегі негізгі оқиғалар мен павлодарлықтарды күткен қызықтар
Мерекелік шараның көркін эстрада жұлдыздары келтірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Павлодар қаласының орталық жағалауындағы "Ertis Promenade" сахнасында шаһардың туған күніне орай керемет кеш өтті. Облыс орталығында «Ertis Promenade» сахнасында өткен кештің шымылдығын жергілікті өнерпаздар түрді. Концертке жиналған халықтың қарасы көп болды. Мұнда еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін концерт көруге арнайы келген.
- Павлодар көрікті, қонақжай қалалардың бірі. Өңір тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы мерекелік бағдарлама әзірленді. Қала күнін тойлау таңғы сағат 8:00-ден "Qala run" жүгіру жолынан бастау алды. Сонымен қатар, спорттық ойындар түрлі локацияларда болды. Орталық саябақта отбасылық бағдарлама ұйымдастырылды. Қаламыздың әрбір сегіз шағын ауданында қызықты бағдарламалар болды. Балалар үшін тәтті тағамдар таратылып және аквагрим тегін жасалды. Сондай-ақ, бүгін 8 нәресте дүние есігін ашты,- дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Нұрғамысова.
Кеш хэдлайнерлері жастардың сүйікті әншісі Lilli мен Ny-Za Band заманауи әндерін шырқады. Ал елімізге әйгілі "Ринго" тобымен Луина халықтың құлағында жатталған хит әндерін павлодарлықтармен бірге шырқады.
Балалық шағын Павлодарда өткізген "Ринго" тобының мүшесі Данияр Өтеген қала күнімен құттықтады.
- Жалпы біз Павлодар қаласының туған күні қарсаңында өткен думанды кешке қатысқанымызға қуаныштымыз. Соңғы рет Ертіс-Баян өңіріне карантин басталмай тұрып келген едік."Ertis Promenade" сахынасы ашылғалы бері түрлі шараларға өз үлесімізді қосып келеміз. Шаһар тұрғындары ерекше өзімізге жақын. Өйткені әрқашанда бізбен бір толқында болып, әндерімізді айтады, - дейді Данияр Өтеген.
Сонымен қатар, әнші топтың алдағы жаңалықтарымен бөлісті.
- Алдағы уақытта жаңа әндер жазу ойымызда бар. Тұлға ретінде өсіп келе жатқаннан кейін әніміздің сарыны күрделілеу болмақ. Солардың біреуінде өмір мен өнер жолының қиындығы мен қызығы суреттелмек, - деді ол.
Кештің әдемі нүктесін павлодарлық әнші Серік Мусалимов "В Павлодаре" әнімен қорытындылады.
Фото: Константин Шелков