Асайын Байханов дауылдан зардап шеккен ауылдарға барды

Асайын Байханов дауылдан зардап шеккен ауылдарға барды
Фото: Валерий Бугаев

Өңір басшысы қалпына келтіру жұмыстарын жедел аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, 19 шілде күні жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жеткен қатты дауылды жел мен бұршақтың салдарынан өңірдің бірқатар елді мекендерінде тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға және электр желісі шаруашылығы нысандарына зақым келді.

– Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кенті мен Екібастұз қаласының Құдайкөл ауылы ең көп зардап шекті. Мұнда екі көпқабатты тұрғын үй мен 47 жеке тұрғын үйдің шатырлары ішінара ұшып кеткен. Сонымен қатар Қалқаман кентінде екі мектеп пен мәдени-демалыс орталығының қасбеті мен терезелері бүлініп, көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі бірнеше пәтердің ішкі қабырғалары құлаған, – деді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қолайсыз ауа райының салдарынан Ақсу және Екібастұз қалаларына қарасты 11 елді мекенде электр энергиясы апатты жағдайда өшірілді.

Еуразиялық энергетикалық корпорациясының Қалқаман-Құдайкөл учаскесіндегі кернеуі 220 кВ электр жеткізу желісінің сегіз бағанасы зақымданды. Қазіргі уақытта энергетика қызметтерінің күшімен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сегіз ауылдық елді мекенде электрмен жабдықтау желілері толық қалпына келтірілді, ал үш елді мекенде қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда, – делінген хабарламада.

Келтірілген зардап көлемін бағалау үшін оқиға орнына облыс әкімі Асайын Байханов барды. Өңір басшысы зақымданған нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті және салалық басқармалар, жергілікті атқарушы органдар, азаматтық қорғау қызметтері мен коммуналдық кәсіпорындар басшыларының қатысуымен жедел жиналыс өткізді.

– Облыс әкімі қысқа мерзім ішінде барлық зақымданған нысандарды тексеруді, электрмен жабдықтау жүйелерін толық қалпына келтіруді, шатырлар мен бүлінген басқа да құрылымдарды жөндеуді, сондай-ақ зардап шеккен үйлердің тұрғындарына қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар әлеуметтік нысандарды мүмкіндігінше жедел қалпына келтіріп, олардың әрі қарай қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берді, – деді ведомствода.

Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемін нақтылау бойынша комиссиялардың жұмысы жалғасуда. Табиғи құбылыс салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Жағдай қатаң бақылауда.