Павлодар облысының бизнесі 300 миллион теңгеден астам сомаға қорғалды
Бұл – «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ағымдағы жылдың он айында атқарған жұмысының нәтижесі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Осы кезең ішінде палата заңгерлері он сот процесіне қатысып, оның бесеуінде кәсіпкерлердің талаптары толық көлемде қанағаттандырылды.
– Жалпы алғанда, ӨКП заңгерлері бизнес құқықтарын қорғау бойынша 85 өтінішті қарап, оның 49-ын, яғни жалпы өтініштердің 47 пайызын, толық көлемде қорғады. Осы он айда қорғалған құқықтардың жалпы сомасы 335 235 196 теңгені құрады, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, ӨКП-ның заң бөлімі 130 нормативтік құқықтық актіге сараптама жүргізіп, олардың сегізіне ескерту жасады. Палата мамандары мемлекеттік сатып алулар бойынша 12 келісім комиссиясына қатысып, оның тоғызы кәсіпкерлік субъектілерінің пайдасына шешілді. Сондай-ақ, жарамсыздық белгілері бар мәмілелер материалдарын алдын ала қарау бойынша алты келісім комиссиясы өткізіліп, барлығы 49 материал қаралды.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбеновтің айтуынша, осы кезең ішінде палата жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің 14 отырысы өткізілді. Бұл отырыстарда мемлекеттік сатып алу, жер қатынастары, жеке сот орындаушыларының қызметі және әкімшілік өндіріс мәселелеріне қатысты 21 тақырып талқыланды. Отырыстар қорытындысы бойынша 38 ұсыным әзірленді. Кеңес төрағасы Нұрлан Нәбиевтің жетекшілігімен қаралған материалдар нәтижесінде екі мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.