Павлодарлық бренд Нью-Йорктегі ЭКСПО көрмесінде органикалық өнімдерін ұсынады
Қазақстандық компаниялар АҚШ-та өтетін халықаралық көрмеге алғаш рет қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өтінім берген 14 отандық компанияның ішінен тек бесеуі іріктеуден өтті. Олардың қатарында дұрыс тамақтануға арналған өнімдер шығаратын павлодарлық «Зелёная ферма» компаниясы бар.
Кәсіпорын топырақсыз, химиялық тыңайтқыштар, консерванттар, жасанды қоспалар мен хош иістендіргіштерсіз өсірілген табиғи өнімдерді өндіруге маманданған.
Компания жетекшісі Татьяна Ивакинаның айтуынша, халықаралық көрмеге қатысу павлодарлық брендке әлемдік нарықта өзін танытып, органикалық өнімдер жоғары бағаланатын АҚШ нарығына шығуға мүмкіндік береді.
– Біз инвесторларды тарту, жаңа тәжірибе жинақтау және шетелдік компаниялардың жұмысымен танысу үшін бара жатырмыз. Сегіз жылдан бері өндірісті дамытып келеміз. Бүгінде шырындар мен клетчаткадан бастап ересектер мен балаларға арналған органикалық косметикаға дейін 30-ға жуық өнім түрін шығарамыз. Бізде қалдықсыз өндіріс жолға қойылған, ал басты қағидатымыз – табиғилық пен органикалық тазалық. Павлодарды ғана емес, бүкіл Қазақстанды таныстыру - біз үшін үлкен мәртебе, – деді Татьяна Ивакина.
Өндіріске қажетті шикізатты компания павлодарлық шаруалардан сатып алады. Дәнді дақылдардың 12 сұрыбының ішінен бидай мен арпаның ең қолайлы бір сұрпы таңдап алынған.
Алдағы уақытта кәсіпорын өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнім желісін Қазақстан мен ТМД елдерінің нарығында ғана емес, павлодарлық брендті әлемге танытуды жоспарлап отыр.
Компания өнім өндіру мен сақтауда химиялық заттарды қолданбайды. Сондықтан, барлық тапсырыстар дайындалған күні тұтынушыларға балғын күйінде жеткізіледі.
«Зелёная ферма» өнімдерінің қатарында шоктық мұздатылған бидай өскіндерінің жаңа сығылған шырыны (витграсс), зімбір шырыны қосылған витграсс, сублимацияланған бидай өскіндерінің шырыны, өсімдік клетчаткасы, органикалық косметика, бет пен денеге арналған бидай тамыры қосылған пилинг-сабын, нәзік гоммаж, оттекті коктейль, жидектер қосылған имбирь шайы және микрожасылдар бар.
Халықаралық көрме 29-30 мамыр күндері Нью-Йорк қаласында өтеді. Бұл павлодарлық компания үшін әлемдік нарыққа шығу жолындағы маңызды қадам болмақ.
Бұған дейін кәсіпорын Астанада өткен RES 2026 EXPO халықаралық көрмесіне қатысты.