«Ертіс» қарсыласын тас-талқан етіп, чемпионатта көш бастады
Павлодарлықтар бірінші айналымдағы сәтсіздік үшін қарымта қайтарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталық стадионға астаналық «SD Family» жастар құрамы келді. Екінші лига чемпионатының екінші турында «Тобыл Ж» командасын жеңгеннен кейін бес дүркін чемпион елордалық жас жігіттерден күтпеген жерден опық жеген еді. Бұл жолы Сергей Гавриштің шәкірттері алғашқы минуттардан бастап қонақтарға дем алуға мүмкіндік бермеді.
Сегізінші минутта Арман Смайылов «SD Family Ж» қорғаушыларынан айласын асырып есеп ашты, бірнеше минуттан кейін Жасұлан Қайыркенов тағы да баспен соққы бағыттап есепті еселеді. Осыдан кейін Александр Бовкун іске кірісті: «Ертіс» форвардының гол соғу үшін кемінде үш сәті болды. Солардың бірін жүзеге асырды. Бірінші таймдағы нүктені Арман Смайылов қойды: тәжірибелі ойыншы астаналықтардың қорғанысын жеке дара бұзып өтіп, айып алаңына кіріп, салқынқанды түрде қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді. Есеп бірінші таймның өзінде-ақ 4:0 сандарын көрсетті.
Кездесудің екінші жартысында павлодарлықтар алаңда «көңіл көтеруді» жалғастырды, Арман Смайылов тағы екі рет гол соғып покер авторы атанса, Изат Құлжанов пен Тимур Байжанов бір-бір голдан соқты. 8:0 – бірінші айналымдағы жеңіліс үшін сенімді реванш.
Кеше Астанада маңызды матч өтті, онда Бірінші лига жолдамасы үшін «Ертістің» бәсекелесі – қарағандылық «Шахтер Ж» ұпай жоғалтты. Астаналықтар ұзақ уақыт есепте алда келе жатып, тек матч соңында қарағандылықтардан гол жіберіп алды. Алайда, мұның өзі «Ертістің» Екінші лига Солтүстік-Шығыс конференциясының бірінші орнына шығуы үшін тең ойын жеткілікті болды.
Маусымның соңына дейін «Ертіс» бір матч ойнайды. 1 қазанда павлодарлықтар «Қызылжар Ж» командасымен ойнау үшін Петропавлға қонаққа барады. Командаға тек жеңіс керек.
«Ақсуға» келетін болсақ, Рахман Асухановтың командасы 25 қыркүйекте «Жеңіс Ж» командасымен кездеседі, ал 1 қазанда «Астана Ж» командасын қабылдайды. Бұл матч Павлодардағы футбол маусымын жабады.